Астанада жүк көлігі тұрғын үй ауласында 6 жастағы баланы қағып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жүк көлігі тұрғын үй ауласында 6 жастағы баланы қағып кетті

24.04.2025

Астанада 6 жасар баланы жүк көлігімен қағып кеткен 38 жастағы жүргізушінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Жағдай қалай болған? Аула тұрғындарымен тілдесіп қайтқан тілшіміз жағдайды егжей-тегжейлі баяндайды.

Ақниет Балтанова, тілші:

Оқиға дәл осы жерде болған. Мынадай велосипедті теуіп бара жатқан 6 жасар баланы жүк көлігі қағып кетті. Куәгерлердің сөзінше, жүргізуші көліктің биіктігінен баланы байқамаған. Ауруханаға тез арада жеткізілсе де бүлдіршінді аман алып қалу мүмкін болмаған. Ал тұрғындар бүгін жол қауіпсіздігіне қатысты шағымдарын жеткізуге жиналып жатыр.

Данияр Кенжеғұлов, қала тұрғыны:

Мына жерде өздеріңіз көріп отырсыздар, қозғалыс масқара. Қаншама оқушылар келе жатыр. Ешқандай  мына жерде қоршау жоқ. Біздің сұрайтынымыз шлагбаум керек, бір бағыттағы қозғалыс керек. Ешқандай шара қабылданбады. Бізде өкінішке қарай, тек өлім болғанда қабылдайды.

Аяулы Сабденәлиева, қала тұрғыны:

Бұл жерде басты мәселе, мына біздің ойын және футбол алаңы болып тұр. Бұл жерге басқа ауладан балалар көп келеді. Бұл - ашық тұрған алаң. Жол - өте тар. Машиналарға ешқандай тосқауыл жоқ. Қайғылы жағдайдың болуына бірден бір себеп – осы құрылыстың қоқыс контейнерлері тұрған. Ең бастысы, ол содан болды. Біз осы тұрғындар қаншама рет сол қоқысты басқа жаққа ауыстыруын талап еттік.

Тұрғындар айтқандай-ақ, құрылыс қалдығын салуға арналған контейнерлер біз барғанда ғана аумақтан алынды. 2 жүк көлігі қоқысты алып жатқанда ары-бері өткен талай оқушыны байқадық. Жолдағы қауіпсіздікке жауапты құрылыс компаниясының өкілі бұл ауданның жаңадан бой көтеріп жатқанын, құрылыс аяқталғанда бәрі реттелетінін алға тартты.

Уәли Садырбай, құрылыс компаниясының жоба директоры:

Бір шағын аудан салынып жатыр. Бұл жерде алдын ала жол салып, содан кейін тұрғын үй салуға жағдай жоқ. Үй салып болады, содан кейін қасындағы жолдардың бәрі бірге салынады. Жолдар бәрі істеліп болғаннан кейін мынадай кептеліс болмайды. Бұл уақытша.

Уақытша қолайсыздық деп бала қауіпсізігі назардан тыс қалмауы тиіс. Қалалық полиция департаменті эксплуатацияға берілмеген жерге үстемдік жүргізе алмаймыз деп қысқа қайырды.

Бауыржан Бәкір, қалалық ПД жол және техника инспекциясы бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны:

Енді эксплуатацияға берілгендіктен бұл жерде әлі белгілер қойылмаған. Әрі қарай МИБ, ТҮКШ-ға берген кезде біз әкімшілік тарапы келісімге қол қойып, қай жерге не қою керегін бәріне көмектесетін болады.

Қазір бұл жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 38 жастағы жүргізуші уақытша қамау изоляторында. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы 1 жыл ішінде ел аумағында балаларды көлік қағу фактісімен 4 мың жағдай тіркелген. Оның 98-і, бүгінгі жайтты қоссақ, 99-ы қайғылы жағдаймен аяқталып отыр.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу