Елімізде оқушыларға жаңа мәзір әзірленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде оқушыларға жаңа мәзір әзірленді

24.04.2025

Маңғыстауда оқушылардың мектеп асханасынан улануына қатысты басталған тексеріс әлі аяқталған жоқ. Осы келеңсіздіктен соң жаппай тексеріс басталады. Ал 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымдарында оқушылар жаңа стандарт бойынша тамақтанатын болды. Жаңа мәзір қандай? Әріптесім Динара Жарқынбек толықтырады.

Динара Жарқынбек, тілші:

Жаңа оқу жылында оқушыларға мектепте берілетін тамақ дәруменге бай, сапалы, халықаралық талаптарға сай әзірленеді. Қант пен тұзы көп тағамдар, газдалған сусындарға тыйым салынады. Жаңа стандартқа сәйкес, мұндай зиянды тамақтардың орнына көкөністер мен жемістер көбірек беріледі. Балалар тәтті шырындар емес, сүт пен компот ішеді.

Тамақтағы дәрумендерді сақтап, оларды бала ағзасына толық жеткізу үшін, асты дайындау технологиясының да маңызы зор, – дейді мамандар. Сол себепті аспазшылар арнайы қосымша арқылы тағамдарды түрлендіріп, олардың мөлшерін дәл өлшеп дайындай алады.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары елімізде оқушылар арасында семіздік, ІІ типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, тісжегі мен аллергиялық сырқаттар жиілеген. Жаңа стандартқа сай тағамдар осы дерттердің таралуын 10-20 пайызға дейін төмендетеді деген болжам бар.

Алмаз Шарман, Қазақ тағамтану академиясының президенті:

Біздің біраз мектепте ескі рецепттермен, ескі технологиямен дайындайды. Қазір талқылап жатқан мәскеле-оны қалай өзгерту деген. Осының бәрін өзгерту үшін мысалы 18 мың тонна ет керек, 21 тонна құстың еті керек, 38 мың тонна сүт керек.

Бүгінде Қазақстан бойынша 1 млн 800 мыңға жуық оқушы тегін тамақтанады. Алайда 400-ден астам мектепте асхана мүлде жоқ. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, бұл — шалғай елдімекендердегі 30-40 оқушысы бар шағын мектептер. Келесі оқу жылынан олар да алғаш рет тегін тамақпен қамтылады.

Насымжан Оспанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы:

Республика бойынша былтыр 800-ге жуық мектепте асхана болмаған. Бұл мәселені қолға алып, санын 400-ге дейін азайттық. Енді бұл мектептердің оқушыларына алғаш рет тегін тамақ беріледі. Жергілікті кәсіпкерлер арасында байқау өткіземіз. Олар ланч-бокстар немесе құтыдағы дайын тағамдарды күнделікті жеткізіп отырады. Бұл – ыңғайлы әрі тиімді шешім.

Еске салсақ, Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауылында 400-ден астам оқушы астан уланып, бірнешеуі ауруханаға түскен болатын. Көп ұзамай өңірдегі Бейнеу ауылында да 12 бала тағамнан уланды. Мамандардың айтуынша, бұл оқиғалар жаңа стандартты енгізу процесін жеделдеткен.

Гүлшарат Қожатова, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

Биылғы жағдайдан кейін қазіргі уақытта прокуратура келісімімен, Маңғыстау облысының мектеп асханалары жоспардан тыс тексеріліп жатыр. Қазіргі таңда 15 асхана тексерілді және барлығы 76 мектеп асханасы қамтылады. Енді бұл стандартты енгізудің мақсаты - мектептердегі тамақтану сапасын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Білім ордаларындағы тамақтану – дені сау ұрпақтың кепілі. Жаңа стандарттың басты мақсаты — балалардың денсаулығын сақтау, зейіні мен оқу үлгерімін арттыру.

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу