«Халықаралық жағдай қаншалықты өзгерсе де, Қытайдың ұзақ мерзімді экономикалық дамуының өзегі өзгермейді». Қазақстандағы Қытай елшілігінің кеңесші-елшісі Син Фанфан осылай деді. Қытайды зерттеу орталығында өткен семинарда шетелдік дипломат халықаралық қатынастар, құқық, медицина, экономика және геосаясат салаларындағы отандық сарапшылармен кездесті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жиын Қытайдың даму стратегиясын пәнаралық тұрғыдан талдауға және Қазақстан жағдайында қолдануға болатын тәсілдер әзірлеу үшін маңызды алаңға айналды. Сондай-ақ басқосуда көршілес елдің әлемдік экономикалық өзгерістер жағдайындағы модернизациясы айтылды.
Син Фанфан, Қазақстандағы Қытай елшілігінің кеңесші-елшісі:
Қытай экономикасы кішкентай көлшік емес, бұл – мұхит. Қытай басшысы Си Цзиньпин айтқандай, Қытай бұл мұхиттың желге, жаңбырға, сауда соғыстарына, тарифтік текетірестерге және өзге де қарсы ағындарға төтеп бере алатынына сенімді. Қытай өзінің модернизациялау жолын нық әрі үздіксіз жалғастыра береді. Осылайша, бүкіләлем Қытай экономикасының тұрақтылығы мен өміршеңдігін көре алады. Халықаралық жағдай қаншалықты өзгерсе де, Қытайдың ұзақ мерзімді экономикалық дамуының өзегі өзгермейді.
Темірлан Нұржанұлы
