Сыр елінде  «Жыр керуен»  телевизиялық жобасы қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр елінде  «Жыр керуен»  телевизиялық жобасы қорытындыланды

31.01.2018

Жоба – «Qyzylorda» телеарнасының төл туындысы. Осыдан 10 жыл бұрын бастау алған тағылымды шара ұлттық өнерді бір арнаға тоғыстырып, ел ішіндегі таланттарды іріктеді, жыраулық өнердің киесін кейінгі ұрпаққа дәріптеді. Қорытынды кеште Сыр сүлейлерінің ізін жалғастырған талант иелері жыр-толғаулар орындап, көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. 

Төл мұраны төрге оздырған телеарна «Жыр керуен» жобасын 2008 жылдан бері дәстүрлі ұйымдастырып келеді. 10 жылда талай талант қияға қанат қақты, талабын шыңдап, жыр жақұтты жарқыратты.

Айсұлу Қасымова, облыстық «Qyzylorda» телеарнасы директорының орынбасары, жоба жетекшісі:  

- Жоба осы өңірдің өзінің ерекшелігіне сәйкес музыкалық контент дайындауға үлкен жол ашты. Қазір біздің алтын қорымызда осы жыршы-жырауларымыздың шығармашылығынан 260 сағатқа жуық материал жазылып алынды. 10 жылдың ішінде Сыр бойындағы жас термешілердің жаңа бір шоғыры қалыптасты.

Бүгінгі шара сайыс емес. Аға буын мен жас жыршылар бір сахнада саф алтындай өнерді ұлықтап, көмейден жыр төккен кеш. Сырлы мақаммен тәлімі мол термені тамылжыта орындау кез-келгеннің қолынан келмейді. Сондықтан, бұл өнер иелерінің әрқайсысының орны бөлек.

Марат Сүгірбай, жырау:

- Бұл жобаның ұрпаққа, ұлтқа берері өте көп. Осы мақсатты өз деңгейінде орындап шықтық деп ойлаймын.

Тектілердің тағылымы - тарихи құнды жәдігер. Ұлттық өнерді бағалай білген жұртшылық үш сағат бойы қара домбыраның күмбіріне елтіп, өнегеге толы жыр-термені ұйып тыңдады. Баба бойтұмары - жыршылық өнерді дәріптеуді мақсат еткен телеарна енді «Жыр керуенді» «Қанекей, тілім сөйлеші» жобасымен жалғастырмақ.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу