Еуропадағы мигранттар «Қайтару орталықтарына» жіберіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропадағы мигранттар «Қайтару орталықтарына» жіберіледі

25.04.2025

БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша агенттігі «Қайтару орталықтары» жобасын бекітті. Ұлыбритания осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мигранттарды сол орталықтарға жіберуді жоспарлап отыр.

Марина Бекенова, тілші:

Еуропадағы көші-қон дағдарысы 10 жылдан бері жалғасып келеді. Миллионнан астам адам Ливия, Сирия, Ливан, Ирак, Ауғанстаннан қашып, дамыған елдерді паналап жүр. Францияға жетіп үлгергендердің арасында тұманды Альбионға заңсыз қоныс аударғысы келетіндер көп.

Енді оларды Лейбористер үкіметі Балқан түбегіндегі елдерге ақша төлеп, жер аудармақшы. Министрлер осыдан кейін Ла-Манш арқылы шағын қайықпен заңсыз келетіндердің саны азаяды деп үміттенеді. Алдыңғы үкіметтің келімсектерді Африкаға депортациялау жоспары жүзеге аспағаны рас.

Кир Стармер, Қлыбритания премьер-министрі:

Консерваторлар Руандаға бар болғаны 4 адамды жер аударып, салық төлеушілердің 700 миллион фунтын жұмсады. Біз билікке келгелі 24000-нан астам заңсыз мигрантты қайтардық.

Бірақ байырғы қонысынан баз кешкендер Британияда жеткілікті. Биыл олардың саны 10 мыңға жетті және бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Кевин Сондерс, Ұлыбритания шекара күштерінің бұрынғы бас иммиграциялық офицері:

БҰҰ бұл бастама халықаралық құқыққа сәйкес келмейді деп айтумен келді. Енді олар мұның бәрі тәртіпке сай деп отыр.

Еуропалық комиссия да ЕуроОдаққа мүше елдерге шетелдерде «Қайтару орталықтарын» ашуға рұқсат беріп отыр. Италия бұл іске білек сыбана кірісіп, мигранттарын Албанияға жіберіп үлгерді.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу