Қарақалпақ елінде жасап жатқан қандастарымыз салт дәстүрді сақтап, кейінгі ұрпақты ұлттық өнермен сусындатып келеді. Қазақтар жиі қоныстанған аудандарда қазір 150-ге тарта қазақ мектебі жұмыс істейді. Нөкіс қаласындағы екі бірдей жоғарғы оқу орнында осы білім ошақтары үшін мамандар даярланады
Базаркүл Отыншиева, тілші:
Қазақтар көптеп шоғырланған өлкенің бірі - Қарақалпақстан. Көршілес өзбек елінің құрамындағы автономды республикада ресми мәліметке жүгінсек, 292-ден астам қандасымыз өмір сүріп жатыр. Олар өздері тұратын өлкенің экономикалық дамуынан бөлек, рухани және мәдени өміріне де өлшеусіз үлес қосып келеді.
«Ел іші – өнер кеніші» дегендей, ән жырға жақын қыз-жігіттер мұнда өте көп. Ұлттық бұйымдарды дәріптеп жүрген азаматтар, киіз үй соғушы шеберлер де баршылық. Олар елде өткізіліп жататын түрлі шарадан шет қалып көрген емес.
Асхат Үмбетаев, Қарақалпақстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы:
Аудандарда музыка мектептері бар. Күй үйретеді, домбырада ән салуды үйретеді. Таланттарымыз бар, солардың өнерін шыңдап, жетілдіріп отыру - негізгі мақсат.
Көпшілікке қуаныш сыйлайтын шараның бірі - ұлттық тағам әзірлеушілердің сайысы. Ерекше фестивальге жиналған ағайын аспаздардың өнерін тамашалады.
Теңелбай Мәмбеткәрімов, Қараөзек ауданының тұрғыны:
Қатық, қауынның тосабы және сарымайды араластырып, ақсаулақ тағамын дайындадым. Біз айран немесе түйенің шұбаты, жылқының қымызы - осындай сусындарды ұсынамыз.
Қоӊырат, Мойнақ пен Тақтакөпір аудандарында қандастарымыздың қатары мол. Айтыс өнерін дамыту, жас ақындарды баулып, өнерден ойып тұрып орын алуына ықпал ету - басты мақсат, дейді олар. Ал басты мәселе - қазақ мектептерініӊ сақталуы, оларды оқулықтармен және мамандармен қамтамасыз ету.
Асхат Үмбетаев, Қарақалпақстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы:
150-ге тарта қазақ мектебі бар, балалар ана тілінде білім алады. Онда 20 мыңға жуық бала қазақ тілінде білім алады. Мемлекеттік университетіміз бар, жыл сайын 30 түлек бітіреді, қаза мектептеріндегі балаларды оқытатын маман даярлайтын мүмкіндік осындай.
Қазақтың салтын ұмытпай, дәстүрін дәріптеп жүрген шеттегі ағайын беташар, бесікке салу, тұсау кесу сияқты рәсімдерді күнделікті тұрмыста жиі қолданады. Ұлттық бұйымдар мен өзге де жәдігерлер көрмесі тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
Базаргүл Отыншиева
