Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті «Жеңіс эстафетасын» қабылдады. Бұл халықаралық эстафета Беларусь елінің Брест қорғанынан бастау алған. Қазір – Қазақстан аумағында. Мақсат – II д.ж. соғысының жеңімпаз жауынгерлерінің қайсарлығына тағзым етіп, ұрпақ санасына ел мен ерлік құндылықтарын сіңіру, дейді әскерилер.
Қуан Нұрақын, тілші:
Бүгінгі эстафетаны қабылдау шарасы қаладағы 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағында өтіп жатыр. Бұл орынның таңдалуы бекер емес. Себебі бұл жерде батыр бабалар рухына тағзым етіліп, ел мен жерді қорғаған ерлердің есімі жиі ұлықталады.
Серік Төлеуханов, ҚР ҰҚҚ Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департамент бастығының орынбасары:
Беларусь, Ресей, әрі қарай Қазақстан. Қырғыз мемлекеті, Тәжікстан, Өзбекстан барлық ТМД мемлекетін аралап шығады да, 9 мамыр күні Мәскеу қаласындағы парадқа келеді.
Қуан Нұрақын, тілші:
Эстафетаны қабыл алған шекарашылар мәңгілік алау басында сап түзеп, гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, ән-би ансамблі соғыс жылдарындағы әндерді шырқап, мерекелік концерт ұйымдастырды.
Серік Әлихан, жас сарбаз:
Аталарым да, әжелерім де соғысқа қатысқан. Яғни, олардан үлгі алып, патриоттық сезімім оянып, осы жас сарбаз ұйымына қосылған болатынмын.
Қуан Нұрақын, тілші:
«Жеңіс эстафетасы» шекара бойымен жүріп өтеді. Бұл достық пен тарихи жадыны жаңғырту символына айналып отыр, дейді әскерилер. Эстафетаны қабылдап алған Жамбыл облысының шекарашылары Қордай арқылы Қырғызстанға өткізіп береді.
Қуан Нұрақын
