Қостанай облысында биыл алғаш ақылы жол пайда болды. Троицк бағытына жүретін жүк көліктері үшін ақша төлеу ақпан айында міндеттелген болатын. Бірақ жүргізушілердің айтуынша, автомагистраль ақылы қылатындай жағдайда емес, тасжолдың кедір-бұдыры мен ойдым-ойдым жері көп.
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Осы жерден Ресей шекарасына дейінгі аралық биыл ақылы жол санатына енгізілді. Жалпы, ұзындығы 163 шақырымды құрайды. Бұл учаскіден жүріп өткен әр жүк көлігі түрі мен салмағына қарай 1000 және 6000 теңге аралығында белгіленген соманы төлейді. Алайда жүргізушілердің ақылы жолдың сапасына көңілдері толмай отыр.
Сергей Петров, жүргізуші:
Мен төлеуге дайынмын, бірақ алдымен сапасын жақсартып, кейін енгізуі керек еді. Шоқалақты айналып өту үшін қарсы бетке шығуға тура келеді. Ал жол тар. Қауіпті жағдай болса, жазда әйтеуір тежеп үлгересің, ал қыста көктайғақта қиын.
Хамит Мұталов, жүргізуші:
Жолдың сапасы ақылы жолдың сапасына сай келмейді. Ортада қоршау болып, автобан сияқты болуы керек. Бізде ондай емес. Мысалы, жол жиегінен тор қойылып, жылқы, мал шыға алмайды. Ал бізде ондай нәрсе жоқ.
Бұл бағыттағы тасжолға реконструкция осыдан 19 жыл бұрын жасалып, ені 1 метрге кеңіген. Кейін орташа жөндеумен ғана шектеліп келген. Ал 2022-2023 жылдары 72 шақырым жердің бір қабаты сырылып, жаңасы төселді. Бұған 5 жарым млрд теңге қаражат жұмсалды. Биыл да бұл жұмыстар жалғасып жатыр.
Ғабит Шымырбаев, Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитеті жолдарды пайдалануға беру басқармасының басшысы:
Осы учаскеде Қостанайдан Троицке дейін 37 км-ға орташа жөндеу жүріп жатыр. Оны аяқтау тамыз-қыркүйек айларына жоспарланып отыр. Қалған 42 шақырымда жөндеу биыл басталып, келер жылы аяқтау көзделіп отыр.
Жолды кеңейту мәселесі бұл жолы қарастырылмаған. Ол үшін тәулігіне жүріп өтетін көлік жүктемесі 7 мыңнан асуы тиіс. Әзірге бұл жолдағы көрсеткіш тәулігіне 3-3,5 мыңды көрсетіп тұр. Министрлікте жөндеу жүріп жатқан бөлік үшін ақы төлемеу мәселесі қаралып жатыр. Ал бүгіннен бастап облыстағы тағы бір жол – Қостанай-Денисов бағыты ақылы болмақ.
Мәдина Нағашыбай
