Жамбыл облысы Жайылма ауылдық округының тұрғындары бір шелек су алу үшін көшеге шығып, кезек күтеді. Өйткені тіршілік көзі күніне бір сағатқа ғана беріледі. Оның өзі тұрақты берілмейді деп ашынады. 10 жылға жуық осылай күн кешкен бұқара бау-бақша егуді де қойған. Жайылмалықтардың жанайқайын Данияр Әлімқұл тыңдап қайтты.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Ауыз су мәселесі ақсап тұрған ауыл тұрғындары осылай су тасып, сарсаңға түседі. Елдімекен жұрты екі сағатқа ерте жиналып, көше бойында кезек күтеді. Ал тіршілік көзі бір сағатқа ғана беріледі. Құдық басында құжынаған елдің үлгергені ғана алады.
Жайылма және Маятас ауылын қоса алғанда 500-ге жуық үй бар. Тұрғындар елдімекенді тіршілік көзімен тұрақты қамтудың жыры тоғыз жылға созылды дейді. Баспа құдықтың суы кермек болғандықтан, 18 жыл бұрын орталықтандырылған ауыз су жүйесі жүргізіледі. Бірақ құрылғылары тозып, құбырлары жиі жарыла беретіні қажытты дейді.
Мираш Молтаева, ауыл тұрғыны:
Бау-бақша қайтып егеді, құдықта су жоқ қой. Жарты сағат ақса, ағады, ақпаса, тоқтап қалады.
Күміс Төленбекова, ауыл тұрғыны:
Су берсе қуанып қаламыз, кейде суға жете алмай да қаламыз.
Тұрғындардың тілегі – ауқымды су сақтағышы бар станция салу. Ауыл әкімі бұл бағытта 4 рет жобалық сметалық құжаттама дайындалды дейді. Алғашқысы 2017 жылы 38 млн теңгеге жасалыпты. Ал биыл жыл басында 1,7 млрд теңгеге есептелген.
Жандарбек Смағұлов, Жайылма ауылдық округінің әкімі:
Енді аудан әкіміне талап қойып жатырмыз. Бұның алдындағы аудан әкіміне де қойғанбыз. Қазір келген аудан әкіміне де екі жыл болды атйып келе жатқаныма.
Ал аудан басшысы ауыз су жүйесін қайта жаңғырту үшін тек екі рет жобалық құжаттама жасалды деп отыр. 1,7 млрд теңге бөлінсе, екі ауылға су резервуары мен мұнара салынбақ.
Сәкен Мамытов, Сарысу ауданының әкімі:
Осы биылғы жылдың басындағы нақтылаудан ол қолдау таппады. Осы алты айлықтағы нақтылаудан қолдау табады деп күтілуде. Тағы да қолдау таппаған жағдайда біз өзіміз екінші ұңғыма қазу арқылы, екі ауылға екі ұңғымамен су беру жоспарымызда бар. Екі ауылда 10-12 сағатқа су алуға мүмкіншілік болады.
Айта кетейік, бүгінде аймақ бойынша 24 ауыл ауыз сумен қамтылмаған.
Данияр Әлімқұл
