Шымкенттік оқушы шетелдік 12 университеттің оқу грантын жеңіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік оқушы шетелдік 12 университеттің оқу грантын жеңіп алды

29.04.2025

Шымкент қаласындағы орта мектептердің бірінде оқитын Алина Есенгелдиева оқу жылы аяқталмай жатып, шетелдік 12 жоғары оқу орнының арнайы грантына ие болып, шақырту алды. Білімді өренге қызыққандардың қатарында АҚШ-ғы әлемге әйгілі білім ордалары мен Ұлыбритания универсиеті бар.

Ғарышқа ұшырамын деп жасаған осы бір қондырғысы Алинаға шетелде білім алуына жолдама берді. Жерден басқарылатын шағын құрал лазер арқылы ғаламшарды қоқыстан тазартуға арналған. Ғылыми жоба алдымен Шымкентте өткен жарыстарда үздік деп танылды. Соңынан Астанада өткен әлемдік білім сайысында теңдессіз жаңалық деп бағаланды. Шетелдік оқу орындарының қызығушылығын оятты.

Алина Есенгелдиева, 11-сынып оқушысы:
Ғылыми жобалар сайысынан жеңіп шығу оңай болған жоқ. Оған әлемнің 7 елінен 120-ға тарта оқушы қатысты. Әр секциядағы жұмыстарды қазылар алқасы жеке дара бағалады. Шынымды айтсам, жүлделі орын аламын деп ойлаған жоқ едім.

Ойлау кеңістігінің кеңдігі, дұрыс бағдарлау және талмай іздену. Ұстаздары Алинаның жетістігінің сыры осы қасиеттерінің арқасы дейді.

Әсел Серімбетова, Физика пәнінің мұғалімі:
Алина - сабырлы. Бастаған ісін соңына дейін жеткізіп істейді, ізденімпаз. Көп оқушы 2-3 жарыстан соң шаршайды. Қанша дегенмен бала стресс алады. Ол ондай емес, барып қорғап келеді.

Шетелде оқуды армандаған Алина халықаралық емтихан сынақтарын былтырдан бері зерделеп, әзірленіп жүрген-ді. Сабақтан тыс уақытта қосымша білім алып, ағылшын тілін еркін меңгеріп алды. Ғылыми жобалар жарысында жүлдегер атану әлем университеттерінің студенті атанудың бір талабы болатын.

Алина Есенгелдиева, 11-сынып оқушысы:
Шетелдік оқу гранттарын жеңіп алу үшін екі сынаққа қатар әзірленуге тура келді. Ол үшін күн құрғатпай онлайн курстарға қатысуыма тура келді. Дайындықты өткен жылдың тамыз айында бастаған едім. Қараша және желтоқсан айындағы сынақтардан сүрінбей сәтті өттім.

Алинаның таңдауы әзірге шақырту жіберген 12 жоғары оқу орнының ішінде Лос-Анжелес университетіне түсіп тұр. Осында биоинжинер мамандығын игеріп шықпақ. Келешекте адам ағзасы мен тіндерді өсіру, медициналық жаңа қондырғыларды құрастырумен шұғылданады. Зейінді жастың мақсаты Америкадан білікті маман болып оралып, еліміздің игілігі үшін қызмет ету.

Ғани Қалмахан 

Хабарламаларға жазылу