Ақтөбелік ғалымдар өндірістік қалдықтарды құрылыс материалына айналдырудың жолын тапты. Мамандар бұл әдістің әлемде баламасы жоқ деп отыр.
Жұбанов университетінің ғалымдары хром кенін өндірумен айналысатын зауыттан шығатын қалдықтардан экологиялық қауіпсіз, құрылыс материалын шығаруды бастап та кеткен. Кәсіпорынның өзі де бұл жобаға ерекше қызығушылық танытып, 150 миллион теңге қаржы берді. Сондай-ақ тәжірибе алаңын бөлген. Қазір жобаны одан әрі жетілдіру үшін зертханалық жұмыстар жүріп жатыр. Ғалымдардың айтуынша, Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан шығатын қалдықтар мен шаң-тозаңдардың өзінен хром концентраты, металл концентраты, магний тұздары және микросилика секілді өнім түрлерін алатын күн алыс емес.
Ербол Шабанов, Академиялық және ғылыми зерттеу орталығының жектешісі:
Өндіріс қалдықтарын қолдана отырып, жаңа композитті материал ала аламыз. Өртке төзімді, бұны құрылыста немесе кері қарай өндірістің өзінде қолданады. Отқа жанбайтын болғандықтан қолдануға болады. Үшінші бағыты – қалдықтарды қолданып, фильтр жасалынады. Ол ағынды немесе өндіріс суларын тазартып, таза су алуға мүмкіндік береді.
Жақсыбек Кемал
