Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында эвакуацияланған тұрғындар үйлеріне оралды.
Су деңгейі бір тәулікте 9 сантимерге төмендеп, тасқын қаупі сейіле бастады. Дегенмен, бірнеше ауылда бөгеттер әлі де нығайтылып жатыр. Қауіпті аймақта Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарынан келген әскерилер күндіз-түні жұмыс істеуде. Қатты желмен толқын көтеріліп, су бөгеттен асып кетпейтініне көз жеткізу керек, дейді Төтенше жағдай қызметінің мамандары. Тұрғын үйлерді су басқан жоқ. Ал Петропавлдың Заречный кенті мен Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылдары әлі де су құрсауында тұр. Елдімекендерге тек қайықпен қатынауға болады. Бір аптадан бері тасқынға төтеп беріп жатқан әскерилерге жергілікті тұрғындар ыстық тамақ пісіріп, өз алғыстарын білдірді.
Көбеген Байдалин, Березовка ауылының тұрғыны:
Түнде келіп, қаптарды құммен толтырып, көп жұмыс істеді. Жігіттерге рахмет! Осындай қиын жағдайда тұрғындар бірігіп, осы азын-аулақ азық-түлік әкеліп, тамақсыз жұмыс жүрмейді. Оны бәріміз де білеміз. Осы қиын жағдайдан тезірек өтейік.
Эльмира Кәленова
