Каспий теңізінің тартылуы - Ақтау халықаралық теңіз сауда порты арқылы тасымалданатын мұнай мен жүк тасымалына кері әсер ете бастады. Қазірдің өзінде кемелер мен танкерлердің түбі тиіп, қайырлап қалатын болған соң, тауарды тиісті мөлшерден аз тиеуге тура келуде. Порт акваториясын тереңдету жұмыстары жүргізілмесе, жағдай қиындай түспек.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Ақтау теңіз порты - халықаралық жүк тасымалында ерекше орны бар кәсіпорын. Алайда теңіздің тартылуы порттың жұмысына әсер етпей қоймады. Қазір кемелер мен танкерлерге тиелетін жүк 10 пайызға дейін азайған.
Ақтау порты арқылы Әзербайжан, Ресей, Иран және Түрікменстан елдеріне мұнай, астық, метал, басқа да жүктер мен контейнерлік жүктер тасымалданады. Биыл 1355 тонна жүк ауыстырып тиеліп, көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға артқан. Ал былтыр бірінші тоқсанда небәрі 7 мыңнан аса контейнер тасымалданса, биыл 17 мыңнан астам контейнер жөнелтіліп, көрсеткіш - 134 пайызды құрады. Бірақ, қазір жағдай мәз емес. Теңіз деңгейінің төмендеуінен, қиындықтар туындауда.
Ерболат Тілепиев, Ақтау халықаралық теңіз сауда портының бөлім бастығы:
Құрғақ жүктер 6 мың тонна жүктесе қазір 5 мың тонна жүктейді. Егер 6 мың тонна жүктесе онда асты тиіп қалады. Егер осы жылдың соңына дейін тереңдету жұмыстарын жүргізбесек, онда уже ары қарай тереңдеп бастаса теңіздің деңгейі, кемелік тасымалдау рентабельдігі азаяды. Уже невыгодно болады да.
Порттардың әлеуетін арттыру – басты мақсаттардың бірі. Сондықтан тереңдету жұмыстары биыл басталмақ. Теңіз түбін 1,5 метрге дейін қазып, тереңдігін 7,5 метрден асыру көзделген. Ал, алынған топырақпен жағадағы таяз жерді биіктетеді. Нәтижесінде 171 гектар жаңа жер пайда болып, онда айлақ салынбақ.
Марат Қарабаев, ҚР көлік министрі:
Мамыр айында жұмыстар басталады деп жоспарлап отырмыз. Оның қаражатының бір бөлігі ҚТЖ-ның өзінің есебінен, бір бөлігі Үкімет тарапынан қосымша беріліп отыр. Жұмысты жылдың соңына дейін бір бөлігін бітіреміз. Екінші кезеңін келесі жылы жасайтын боламыз.
Құрық портында да осындай мәселе болған. Бірақ, былтыр 25,6 млрд теңге қаржы бөлініп, порт акваториясы тереңдетілді. Бүгінде айлақтар қалыпты жағдайды жұмыс істеуде.
Аягөз Оралбайқызы
