Өмір шындығына негізделген комедия - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өмір шындығына негізделген комедия

01.05.2025

Бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрында «Tiger Films» продюсердік компаниясының қолдауымен түсірілген «Қайын ата мен күйеу бала» фильмі көрсетіледі. Туындының режиссері – Әлен Ниязбеков. Астарлы әзіл, қағытпа қалжыңға толы фильмде отбасы құндылықтары мен шым-шытырыққа толы оқиғалар баяндалады.

Фильмге жиһаз фабрикасының қарапайым жұмысшысы Төлеген мен оның бастығы Темірбектің арасындағы қарым-қатынас арқау болады. Басшысы қызметкеріне үнемі көңілі толмай, оныұнатпайды. Алайда тағдырдың жазуымен Темірбектің қызы Аружан Төлегеннің қалыңдығы атанады. Оқиға осы кезде қыза түседі.

Қуаныш Жылжақсынов, актер:

Қайын атам бұрынғы түсінікпен өмір сүреді. Еркек деген мықты болу керек, күшті болу керек, бәрін істей білу керек. Ал бәрін, тілмен де, мимен де шешіп тастауға болады. Менің жағым сол. Қазақта енесі мен келіні деген темалар болды. Бірақ, қалай қайын ата мен күйеу баланың болмаған тема болғаннан кейін бірден өз келісімімді бердім.

Кинодағы қайын ата қаталдау көрінгенімен, жүрегі жұмсақ. Ал күйеу бала заманға сай өмір сүргісі келеді. Мұндағы әр көрініс – бір әзіл, әр кейіпкер – бір оқиға. Заманауи әзіл мен ұлттық болмысты шебер ұштастырған туынды көрерменге ой салады, дейді шығармашылық топ.

Әлен Ниязбеков, режиссер:

Шын мәнінде заман өзгеріп жатыр. Адамдардың ойлау жүйесі де сан алуан. Қазір бізде дәстүр мен әр адамның жеке тұлға ретіндегі болмыс арасындағы қақтығыс бар. Адамдар сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынасты басты назарға қояды. Бұл фильмде, ата-ананың баласының таңдауын қабылдауы немесе қабылдамауы сынды өткір мәселелер кеңінен көтеріледі.

Фильмнің сценариін Медет Қалыбеков пен Нұржан Еркінұлы жазған. Қос буын арасындағы түсініспеушілікті шынайы суреттеп, жеңіл әзілге толы комедия Алматыда түсірілген.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу