Абай облысындағы Шар су қоймасы жаңғыртудан кейін іске қосылып, егістік алқапқа су беріле бастады. 40 жылдан аса уақыт жөндеу көрмеген гидронысанда 2016-жылы жаңғырту жұмыстары басталған еді. Кешеуілдеп болса да аяқталды. Нәтижесінде жылдар бойы құрғап қалған алқаптарға қайта жан бітті.
80 млн текше метрге дейін су жинауға қауқарлы қойманың қазір негізгі магистралі жұмыс істеп тұр. Арнаның бойында 10-нан астам егін шаруашылығы бар. Биыл көктемде тасыған мол сумен қойма жартылай толды.
Шерәлі Елшібаев «Шар» су қоймасының учаске басшысы:
Біраз жыл су болған жоқ. Ауылшаруашылық жерлерінің бәрі күйіп кетті. Халықтың сұранысымен біз екі жыл болды су жинап жүрміз. Мақсат - келесі жылы 60 миллионға дейін су жинап егістік алқапты көбейту.
Шар қоймасынан шыққан мол судың рахатын қазір Жарма ауданының егіншілері көре бастады. Егістік алқаптың көлемін арттырып жатыр. Солардың бірі - Мұхтар Тойқылды. Дәнді, майлы дақылдар мен жоңышқа көлемін екі есеге арттырып 2,5 мың гектарға егін салуды бастап кеткен. 800 гектарға тамшылатып суғару қондырғыларын орнатып жатыр.
Мұхтар Тойқылды, диқан:
Су толық жетеді. Биыл одан да көп мол қылып жинадық деп отыр. Оның сыртында тамшылатып суғару болғаннан кейін су өте үнемді. Бұрын бір құлақ сумен бір гектарды суғарсақ, тамшылатып суғарумен 70-80 гектарды суғарып кетеміз.
Тіршілік нәрінің тұрақты беріліп тұратындығына көз жеткізген шаруашылық 10 жылға ірі инвестициялық жобаны да қолға алған. Шет елдің озық үлгідегі техникаларын сатып алды. Енді өнімін күзде Қытайға экспорттамақ.
Серікхан Изенов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
Шаруашылықтар сенімсіздік болған соң, суармалы арнайы құрылғылар алынған жоқ. Енді былтырдан бері берілген жеріміз 26 мың гектар болған. Биыл жоспарлап отырмыз 36 мың гектар жер игеріледі деп.
Шар су қоймасынан тарайтын негізгі 6 су магистралі бар. Қазір тек біреуі ғана толық іске қосылған. Қалған арналарға қосымша қаржы бөлініп жөндеуі биыл аяқталмақ.
Ержан Жақып
