Еліміздің барлық кинотеатрында «Tiger Films» продюсердік компаниясының қолдауымен түсірілген «Қайын ата мен күйеу бала» фильмі көрсетіле бастады. Туындының режиссері – Әлен Ниязбеков. Астарлы әзіл, қағытпа қалжыңға толы фильмде отбасы құндылығы мен шым-шытырыққа толы оқиғалар баяндалады.
Фильмге жиһаз фабрикасының қарапайым жұмысшысы Төлеген мен оның бастығы Темірбектің арасындағы қарым-қатынас арқау болады. Басшысы қызметкеріне үнемі көңілі толмай, оны ұнатпайды. Алайда тағдырдың жазуымен Темірбектің қызы Аружан Төлегеннің қалыңдығы атанады. Оқиға осы кезде қыза түседі.
Қуаныш Жылжақсынов, актер:
Қайын атам бұрынғы түсінікпен өмір сүреді. Еркек деген мықты болуы керек, күшті болуы керек, бәрін істей білуі керек. Ал бәрін тілмен де, мимен де шешіп тастауға болады. Менің рөлім сондай. Қазақта енесі мен келіні деген тақырып бар. Бірақ қайын ата мен күйеу баланың тақырыбы болмаған соң бірден келісім бердім.
Фильмдегі қайын ата қаталдау көрінгенімен, жүрегі жұмсақ. Ал күйеу бала заманға сай өмір сүргісі келеді. Мұндағы әр көрініс – бір әзіл, әр кейіпкер – бір оқиға. Заманауи әзіл мен ұлттық болмысты шебер ұштастырған туынды көрерменге ой салады, дейді шығармашылық топ.
Әлен Ниязбеков, режиссер:
Шын мәнінде, заман өзгеріп жатыр. Адамдардың ойлау жүйесі де сан алуан. Қазір бізде дәстүр мен әр адамның жеке тұлға ретіндегі болмысы арасында қақтығыс бар. Адамдар сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынасты басты назарға қояды. Бұл фильмде ата-ананың баласының таңдауын қабылдауы немесе қабылдамауы сынды өткір мәселелер кеңінен көтеріледі.
Фильмнің сценариін Медет Қалыбеков пен Нұржан Еркінұлы жазған. Қос буын арасындағы түсініспеушілікті шынайы суреттеген, жеңіл әзілге толы комедия Алматыда түсірілген.
Айдана Қуантхан
