Ақмола облысына 14 млн ағаш егіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысына 14 млн ағаш егіледі

02.05.2025

Биыл Ақмола облысы аумағында 2 мың гектар аумаққа 14 миллион ағаш көшеттері отырғызылмақ. Жыл басынан бері оның 2,5 миллионы егілді. Бұл игі іске «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының қатысушылары да үлес қосып жатыр.

Бүгін облыс әкімінің қатысуымен шаһардағы «Бәйтерек» саябағында шырша көшеттері отырғызылды. Оған 200-ге тарта студент пен еріктілер, блогерлер мен жергілікті қоғам өкілдері қатысты. Бұл күні сондай-ақ облыстық және қалалық Жастар ресурстық орталықтары жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Орталық жастардың креативті және әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыратын заманауи алаңға айналмақ. Мәселен, орталық жастары үшін экология, волонтерлік және азаматтық белсенділік тақырыптарында креативті контент жасайтын Tik-Tok House орталығы ашылды.

Дастан Ермеков, облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы:

Әлеуметтік желіде ақпарат көп беріледі. Өйткені бізде көп нәрсе ашылып жатыр немесе ақпарат көп. Осыған байланысты біз қазіргі уақытта Тик-Ток хаус ашылатын болады. Блогерлер қазір келеді. Олар жастардың, яғни біздің қызығушылығымызды өркендетуге, яғни әлеуметтік желіге дұрыс ақпарат жіберуді үйрететін болады. Алдағы уақытта барлығымен жұмыс жасауға дайынбыз.

Бибінұр Әмірханқызы

Хабарламаларға жазылу