Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы елдегі театрларға дем берді. Солардың бірі - «Астана мюзикл» театры. Қазір аталған өнер ұжымы алматылық көрермендерге әлемдік және қазақ туындыларын сахналап жатыр. Ал, оларға Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев сияқты сахна саңлақтары ақ батасын беріп, ізденімпаз еңбек ұжымына мюзикл жанрының әлемдік өнер кеңістігінде танылуына сәттілік тіледі.
Мегаполистегі гастрольдік сапары әлемдік театр өнерінің жауһары «Ромео мен Джульетта» мюзиклімен басталды. Уильям Шекспирдің классикалық пьесасын мюзиклге айналдырған Жерар Пресгурвиктің еңбегін қазақшаға тәржімалаған ақын Гүлнар Салықбай.
Саламат Мұқашев, актер:
- Ромеоны сомдау қиын, өте ауыр. Дейтұрғанмен, табиғатыма келетін сияқты. Әндерінің өзін композитор жақсы деңгейде жеткізе білген. Сондықтан, жүрекпен орындауға тырысамыз.
«Ромео мен Джульетта» мюзиклі екі ғашықтың арасындағы адал махаббатты, достықты арқау еткен. Қойылым Гиннестің рекордтар кітабына енген. Сондықтан, қазақ актерлары туындыны сол биігінен түсірмей, ойнап шықты.
Асхат Маемиров, «Астана мюзикл» театрының көркемдік жетекшісі:
- «Елордадан Алатауға сәлем!» деп аталатын осы гастрольдік турнеге біздің «Астана мюзикл» мемлекеттік театрының әртістері жауапкершілікпен келді. Себебі, гастроль өтіп жатқан Әуезов атындағы үлкен қарашаңырақ қасиетті, киелі. Сондықтан, жас әртістер осы арада өнер көрсеткен ұлылардың тағылымын, солардың бір қасиетін, бір жағынан, батасын алайын деп, арнайы Алматыға атбасын бұрды.
«Астана мюзикл» театры - Орталық Азия мен еліміздегі бірден-бір мюзикл бағытындағы стационарлық, репертуарлық театр. Мұнда 90 адам қызмет етсе, оның 80-і көрініске қатысады. Театрдың репертуарында әлемдік белгілі қойылымдармен қатар, Қазақ өнерінің жақұты «Қыз-Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі бар.
Жеңіс Сейдоллаұлы, «Қазақконцерт» МКҰ директоры:
- Келесі қала Шымкент болады. Шымкенттен кейін Атырау облысына барып, «Қыз Жібекпен» қатар, басқа да туындыларымызды көрсетеміз. Содан кейін барлық облыстарымыздағы шалғай жатқан елді мекендерде өзіміздің туындыларымызды көрсетпекшіміз.
Жалпы, қазақ жерінде жарты ғасыр бұрын мюзикл жанрындағы драмалар қойылған. Сол үрдісті қайта жаңғыртқан «Астана мюзикл» театры ұжымдық еңбектерін еліміздің барлық өңірінде сахналауды жоспарлап отыр.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ