Шараға қатысқан Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі жат жұрттықтарды ұлттық бояуы қанық әуенмен қайран қалдырды. Сондай-ақ, Ресейдің ұлттық ұлан әскерлері оркестрі, мәскеулік казактар хоры және Арменияның қыздардан құралған «Ереванские барабаны» тобы да көпшілікті өнерлерімен тәнті етті.
Афина қаласының тарихи орталығы Запион алаңында екі күн бойы мереке. Гректер сымдай тартылған әр ел әскерилерінің әдемі әуездерін ұйып тыңдады. Қазақстандық ұжым бағдарламасы «Абылай хан» маршымен басталды. Президенттік оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Бердіғұлов дирижерлік етті.
Фестивальда Италиядан ту ұстаушылар тобы және Афинадан балалар хоры өнер көрсетті. Ал, арнайы шақырылған Стефанос Корколис пен София Манусаки әсем әндер шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Жалпы, шараға 300-ге жуық өнерпаз қатысты. Ал, біздің Президенттік оркестрдің музыканттары төл туындыларын орындау арқылы көп ішінен ерекше көзге түсті. Сонымен бірге әскерилер ұлттық әуен «Сүгірдің термесін» де төкпелетті.
Өнер кеші «Афиналық әскери-музыкалық фестиваль» қоры мен Қазақстанның Грекиядағы елшілігінің қолдауы арқасында ұйымдастырылды.
Валерий Смирнов, «Амфиония» фин әскери-музыкалық фестивалінің президенті:
- Қарудың орнына музыкалық аспап ұстаған әскери форма киген адамды көрудің өзі бір ғанибет. Бұл идеяны жүзеге асыруды біз 2013 жылдан бері ойластырып жүрміз. Себебі, Грекия олимпиада ойындарының шыққан жері. Әрі аңыздар бойынша әскери музыкамен де үйлес. Шараға бес мемлекет қатысып отыр. Ал, сіздердің оркестрді мен көптен білемін. Репертуарлары керемет.
Фестивальде Қазақ елі мен елорданы ән-жырмен танытуға мүмкіндік туды. Шараны «Абылай хан» маршымен бастаған оркестр соңын «Мәңгілік ел» әнімен түйіндеді.
Нысаналы ЫҒЫЛ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.