«Канн» фестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова Қазақстанға келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Канн» фестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова Қазақстанға келді

23.05.2018

Қоржынын қомақты жүлдемен толтырған жерлесімізді құттықтай келгендердің қатары көп болды. Күллі Еуропаны аузына қаратқан «Айка» фильмінің басты кейіпкері мен режиссерін Мәдениет және спорт министрі де арнайы құттықтап, сый-сияпатын көрсетті.

Отанына олжалы оралған әртіс қызды қазақстандықтар қаумалай қарсы алды. Жүзі күлкіге, жүрегі қуанышқа толған Самал Еслямованың жеңісі күллі қазақ елін шаттыққа бөледі. Бұдан соң мәдениет саласының өкілдері Самалға ұлттық киім ұсынып, фильмнің режиссері Сергей Дворцевойға естелік сыйлық тарту етті. Ең алғашқы рөлін 12 жасында сомдаған жас ару әсіресе, ана бейнесінің жанына жақын екенін айтады. 

Самал Еслямова, «Канн» кинофестивалінің жеңімпазы:

- Менің арманым журналист болу еді. Сергей Дворцевойдың екінші киносына түстім. Өте жақсы белестерге жетті. Былтыр «қазақ батырлары» сериалына түстім. Ананың рөлін ойнадым. Жалпы, маған ана рөлі жақын. 19 жасымда 3 баланың анасын сомдадым.

«Айка» фильмінің негізгі мазмұны - баласын тастаған жас ананың шарасыз күйі. Режиссердің  басты рөлге Самалды таңдауы тегін емес. Өйткені, білікті маман қазақ қызының көзіндегі жалынды, бойындағы тума талантты әуелден байқаған.

Сергей Дворцевой, «Айка» фильмінің режиссері:

- Қазылар алқасын басқарған әйгілі Кейт Бланшеттің өзі келіп, Самалды ұзақ уақыт құшақтап тұрды. Көрсетілім аяқталғасын Самал өз рөлін ғажайып шеберлікпен сомдап шыққанын айтты. Сол себептен, төрешілер басты жүлдені Самалға бір ауыздан берді.

Алдағы уақытта білікті режиссер қазақ жерінде фильм түсіруді жоспарлап отыр. Ал, көптің қызығушылығын тудырған «Айка» фильмі биыл күзде көреременге жол тартпақ.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу