Қазақ руханияты ауыр қазаға душар болды. 87 жасқа қараған шағында қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртаза дүние салды. Марқұм 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. 1955 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолын көркем әдебиет баспасынан бастаған Шерхан Мұртаза әр жылдары «Жас алаш», «Егемен Қазақстан» және «Жұлдыз» журналының бас редакторы, «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы қызметін атқарды. Сондай-ақ, 2-ші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты болды. «Интернат наны», «Жүрек қартаймайды» әңгімелер жинақтарының, «Қара алқа», «Қызыл садақ» романдарының авторы. Елге еткен өлшеусіз еңбегі үшін «Құрмет» және «Отан» ордендерімен марапатталған.
Ерлан Қарин, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы:
Шераға өзінің еңбегімен, ұлтқа, халық мүддесіне қызметімен әрқашан болашақ ұрпақ үшін өнегелі тұлға болып қала береді. Оның ар-намыс қағидаттары қай кезеңде болмасын ұрпаққа бағыт-бағдар беріп тұрады. Ағамыздың туыстарына, жақындарына көңіл айта отырып, қаламгердің жарқын бейнесі, қайсар, турашыл мінезі, шыншылдығы, кеңдігі әрқашан халық есінде қала беретіндігін айтқым келеді.