Мәскеудегі «Царицыно» мұражай-қорығында қазақ өнерпаздарының кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеудегі «Царицыно» мұражай-қорығында қазақ өнерпаздарының кеші өтті

15.10.2018

Әлібек Дінішев, Нұржамал Үсенбаева, Айгүл Үлкенбаева және Айгүл Қосанова. Қазақтың бетке ұстар әншілері мен күйшілері Мәскеуде үлкен концерт берді. «Қазақстанның музыкалық әлемі» деп аталатын салтанатты шара Ресей астанасындағы «Царицыно» мұражай-қорығының әйгілі Екатерина залында өтті. Бұл концертті Қазақстанның Елшілігі Ресей тарапымен бірлесіп өткізді.

«Царицыно» мұражай-қорығының Екатерина патшайым атындағы атақты залы.  Бұл сахнада қазақ өнерпаздарының концерті тұңғыш рет өтіп жатыр. Кештің шымылдығын дәулескер күйші Айгүл Үлкенбаева ашып, Қазанғаптың, Нұрғисаның күйлерінен жұртқа шашу шашты.

Әлібек Дінішев, Кеңес одағының Халық әртісі: 

-Қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша елімізде де, шетелде де көптеген шаралар өтіп жатыр. Көптеген өнер ұжымдары өзге жұртқа мәдениетімізді таныстыруда. Бүгін де біз осы «Рухани жаңғырудың» арқасында Мәскеу жұртшылығына өнер көрсетеміз.

Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, күйші-домбырашы:

-Бүгінгі кештің бағдарламасы сол қазақтың әні мен күйінің ең озық үлгілері. Сондықтан, кешке келген қонақтардың көңілінен шығады деп ойлаймын.

Қобыз бен жетігеннің таңғажайып үні Мәскеу халқына таңсық дүние. Сондықтан болар, қазақ ұлттық аспаптарының әуенін Мәскеу жұртшылығы сілтідей тынып тыңдады.

Елизавета Фокина, «Царицыно» мұражай-қорығының бас директоры:

-Бүгін қазақ әндерін тыңдап, керемет бір бақытқа бөлендім. Әсіресе, қобыздың үнін бірінші рет естіп, таңқалдым. Мұндай кештерді жиі өткізіп тұру керек деп ойлаймын.

Концерт кезінде белгілі әнші Нұржамал Үсенбаева қазақтың халық әндерін шырқаса, Айгүл Қосанова дәстүрлі туындыларды тамылжыта орындады. Ал, КСРО-ның Халық әртісі Әлібек Дінішевті көпшілік ерекше қошеметпен қарсы алды.

Зере Серікқызы, көрермен: 

-Өте тамаша концерт өтті. Керемет әсер алдық. Елшімізге рахмет айтамыз.

Бекболат Нұрахметұлы, көрермен:

-Көне қазақ әндері  көңілімізден шықты. Бәріміз қуаныштымыз, өте керемет болды. 

Мәскеудегі концерт «Елшіліктің кештері» деп аталатын жобаның аясында өтті. Ондағы мақсат - ұлттық өнерді насихаттап, өзгелерге қазақ мәдениетін таныстыру. Кештің қалай өткенін әрбір орындаушыға деген қошеметтен, ине шаншар жер қалмаған залдағы жұрттың тік тұрып тыңдағанынан-ақ көруге болады.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу