«Азия Еуропаны, Еуропа Азияны қарсы алады». Брюссельде «Азия-Еуропа» форумы, яғни, 12-ші ASEM саммиті аясында мәдени фестиваль шымылдығын түрді. «Bozar» орталығында өткен өнер кешін Еуропа сыртқы қатынастар қызметі мен еліміздің Бельгиядағы елшілігі бірігіп ұйымдастырды. Талғамы биік көрермен Пәкістанның ұлттық музыкасымен бірге қазақтың дәстүрлі әншісі Ерлан Рысқалидің концертін тамашалады. Жезтаңдай әнші өнерімен еуропалықтарды тамсантты.
Пәкістанның ұлттық музыкасын шебер орындап отырған қос музыканттың бірі - француз, екіншісі - Бельгия азаматы. Бала кездерінен «Азияны жақыннан танысақ», деп өнеріне ден қойған. Қос құрлықтың достық мерекесінде қазақтың намысын қорғап, ұлттық өнерді көпшілікке паш ету дәстүрлі әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқалиға бұйырды.
Ерлан Рысқали, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші:
- Бұлар біздің әнімізбен, қазақтың ұлттық классикалық өнерімен толыққанды таныс емес. Сондықтан, әнді жеткізу үшін ерекше жауапкершілік керек деп ойлаймын. Көңілде өнерімді ұқпай қалса не боламын, елімнің маған артқан сеніміне қиянат жасасам, жолым болмай қалады ғой деген үрей болады.
Жүректегі қобалжу сахнаға шығысымен сейілді. Талғамы биік көрерменнің ыстық ықыласы жезтаңдай әншіні одан сайын шабыттандырды.
Ерлан - Сегіз сері, Біржан сал, Ақан серілерден бастау алған халқымыздың Арқа әншілік мектебінің жалғастырушы өкілі. Концертке сол марғасқалардың үздік әндерімен бірге Абайдың «Сегіз аяғын», Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын» да тамылжыта орындады. Шетелдіктер өнерпаздың әнді тұтас тұла бойымен сезініп шебер орындауына тамсанса, шеттегі қандастар қазақтың дархан даласына саяхат жасағандай болды.
Жоламан Тұрсынбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор:
- Жүздеген ұлт пен ұлыс тұрып жатқан жерде, Еуропаның кіндігінде қазақтың әнін естігенге не жетсін?! Үлкен бақыт, жан рахаты деп есептеймін. Еуропаның ортасында қазақтың жусанын, қазақтың даласын, көз алдымызға елестеткендей болдық.
Жан Поль Де Бэкер, кәсіби музыкант:
- Дауысының сапасы, диапазоны кең, ғажап әнші. Екі ішекті аспапта еркін ойнап, әнді беріліп, тыңдарманның жүрегіне жеткізгеніне қатты риза болдым. Кәсіби музыкант ретінде, Ерланның вокалына «өте жоғары» деген баға беремін.
Сөздің, әуеннің қадірін білетін әнші осылайша, еуропалықтарға музыка арқылы ғасырлар сарынын жеткізді. Көпшілік таңданған «қазақтың ән айту үлгісі» жайлы Ерлан Рысқали болашақта кітап жазуды көздейді. Қазақтың төл өнерінің төрге озуына барын салып жүрген әншінің тағы бір арманы - үкілі домбырасымен әлемді шарлап, ұлттық мұраны насихаттау.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.