Алматыда «Айтматов және кино» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Айтматов және кино» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті

19.11.2018

Алматыда ХІV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі басталды. Еліміздегі киноөндірісте атқарылған еңбекті екшеп, әлемдік кинотуындылармен жарысатын айтулы шараның ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Әлемнің әр қиырынан келген киногерлерді бір алаңға жинаған мерекенің маңызы қандай?

Көпшілікке «Шәкен жұлдыздары» фестивалі ретінде таныс мәдени шара биыл 14-ші рет өтіп жатыр. Бұрынғыдан өзгешелігі - жаңа  форматта ұйымдастырылғандығы. Дәстүрге сай, меймандар қызыл кілеммен жүріп өтті. Ал, осы киноөндіріс саласындағы байланысты арттыруға арналған шараға Катаюн Беглари, Борис Шульман сынды танымал кәсіби мамандарды шақырған. Енді олар 40-қа жуық фильмді саралап, сараптайды.

Ермек Тұрсынов, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы:

-Бұл - нағыз кәсіби жұмыс істейтін фестиваль. Сондықтан, мұның болашағы өте жақсы болады деп ойлаймын. Ол - 3 конкурстан тұратын фестиваль. Халықаралық фестиваль, Түрі халықтарының фестивалі, үшіншісі - өзіміздің отандық туындылар байқауы.

 

Халықаралық кинофестиваль аясында «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына орай, «Айтматов және кино» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған қаламгердің туындыларын әлем тілдеріне аударған мамандар қатысып, ой бөлісті.

Светлана Слапке, Еуразия ғаламдық байланыс жөніндегі агенттігінің бас директоры:

-Мен Қазақстанда әлем елдерінің және түркі тілдес елдер киногерлерінің басын қосқан фестивальге арнайы шақырылғаныма өте қуаныштымын. Өйткені, бұдан мол тәжірибе жинаймын. Осыдан 8 жыл бұрын Шыңғыс Айтматовпен танысып, оның еңбектерін неміс тіліне тәржімаладым. Сонда түркі халқының өнеріне қызығушылығым артқан. Сондықтан, түркі жұртының үздік фильмдерін неміс тіліне аударсам деймін.

 

Кинофестиваль үш бағытта өрбиді. Бәріне Шәкен Айманов жазған туындылардың атауы берілген. Бірінші, «Жол түйісі» бөлімінде көрермен дүние жүзіне танымал картиналарды тамашалайды. Ал, екінші «Атамекен» бөлімі - түркі халқы фильмдерінің байқауы. Үшінші «Біз осында тұрамыз» бөлімінде отандық кинотуындылар сарапқа салынады. Осы аталым бойынша Қазақстан кинематографистер одағы тағайындаған «Құлагер» сыйлығы беріледі. 

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу