Ұлттық арнада «Інжу-Маржан» тележобасының түсірілімі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнада «Інжу-Маржан» тележобасының түсірілімі басталды

21.11.2018

Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы. Елбасының бүгінгі мақаласындағы бас тақырыптың бірі - осы. Онда «Дала фольклорының антологиясы» мен «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару тапсырылды. Жинаққа қисса-дастандар мен эпостор, сондай-ақ, дәстүрлі музыкалық аспаптармен орындауға арналған маңызды туындылар топтастырылуы керек. Бұл бағытта ұлттың айнасына айналған Ұлттық арна ұжымы не істеді, алда не істемек?

Досымжан Ермұрат, тілші:

Ұлттық арнаның Елбасы атаған екпінді іске кіріскеніне екі жыл. «Рухани жаңғыру» аясында қолға алынған «Мен қазақпын» жобасының екінші маусымы аяқталуға жақын. Осы аралықта тарихы ғасырларға ұласатын 38 күй, 35 терме, 38 ән таспаланып, арнаның алтын қорына енгізілді. Осылайша, отандық телевизия тарихында тұңғыш рет ұлттық өнерге арналған тұтас тележинақ қалыптасып келеді.

«Бұл жоба аясында қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет. Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс».

Бұл ескертпе кеше ғана, яғни, мақала хатталып жатқан тұста түсірілімі басталған «Інжу-Маржан» жобасында барынша ескеріледі. Алаштың ән әлемін бар әлемге таратып-таныту мақсатындағы бастама соңғы үлгідегі техникалармен түсірілуде.

Ерлан Қарин, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы:

-Мақсатымыз - түсіріліп жатқан бейнематериалдарды алтын қорға жинау. Себебі, бұл түсірілім ертең мұра болып қалуы керек. Ертең оған сүйене отырып, кейінгі буын да осы ұлттық өнердегі дәстүрлерді жалғастырып, оны дамытып отыру керек.

«Мен қазақпында» дәстүрлі ән мен күй, терме таспаға тартылса, «Інжу-Маржанда» осыларға қосымша, қисса-дастандар мен эпостор жырланады. Ұлттық арна мақаланың 2-ші тарауындағы 5-ші бөлімнің іске асуына осылай үлес қопақ.

Ал, алтын қорға алынған жауһарлар шаң басып жатып қалмайды. Эфирге беруден бөлек, дүниежүзіндегі қазақ диаспораларына таратылып, қандастар арқылы батыс пен Жетісу, Сыр мен Арқа әуендері әлемнің төрт бұрышына түгел тарамақ.

Ержан Қосбармақов,  Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші:

-Бүгін айту керек, мынау біздің Тәуелсіздігіміздің нақты бір дәлелі ретінде қазақ өнерінің ұлы тойы болып жатқан сияқты. Ұлы бір керуені жүріп жатқан сияқты. Әрине, мына мақаладан кейінгі дүниеге сіздер ертерек қозғалыс жасап, ертерек соған қадам басып, сүйіншісін сіздер алатын сияқтысыздар.

Жоба барысында еліміздегі 200-ге жуық өнерпаз 400-ден астам туынды орындайтын болады. Қазір эфирге беру тәртібі талқыланып жатыр. Ұзағымен келер жылдың наурызынан кешікпей Ұлттық арнадан марқайып ән, жантайып жыр тыңдайтын боласыздар.

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу