Еліміздегі ең көне металлургиялық пештердің нұсқалары Қарағанды облысындағы мұражайда сақтаулы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі ең көне металлургиялық пештердің нұсқалары Қарағанды облысындағы мұражайда сақтаулы

22.11.2018

Ұлытау өңіріндегі ежелгі қалалар орнынан табылған пештердің дәлме-дәл көшірмелері Жезді кенті Мәкен Төрегелдин атындағы музейде тұр. Оларды қызықтап, елдің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де туристер келеді. Осы пеште көне әдіспен ең алғаш рет мыс құйып көрген Елбасы екенін біреу білсе, біреу білмес.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Біздің жыл санауымызға дейінгі екінші мыңжылдықтың екінші жартысының өзінде Орталық Қазақстанда металлургия саласы ерекше дамыған. Оған Атасу және Милықұдық үлгісіндегі көне металлургиялық пештер дәлел. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш болып осы көне пештермен таза мыс балқытып көрген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. 

Бұл сол 1994 жылдың қараша айында түсірілген тарихи кадрлар. Ұлытау өңіріне сапары барысында Елбасы Жездіге де ат басын тіреген болатын. Қазір мұражай алаңындағы құнды экспозициялардың бірі осы пештер. Ежелде дәл осындай пештердің көмегімен бабаларымыз тонналап мыс қорытқан.

Зейпін Қазанбаева, мұражай директоры:

Перғауындар заманында Египетте 1500 жылда 10 мың тонна таза металл балқытылған. Ал, Қазақстан территориясында 700 жылда 450 мың тонна металл балқытылған. Металл адамзаттың өркениетін білдіретін дәлелдердің бірі.

Тастан қаланған бұл пештерде металл толықтай көне тәсілмен балқытылады. Кен тастары сұрыпталып, шайылады. Кейін арнайы қорыту ыдыстарына құйылып, ағаш, мал сүйегі, басқа да қатты отын түрлерінің көмегімен қыздырылады. Шамамен, 12 сағатта құйма алынады. Пештің қызуын сақтау үшін сырты түгел қышпен сыланады. Дәл осы тәсілмен Елбасы құйған құйма мұражайдағы құнды жәдігерлердің бірі.

Үрзия Қапарова, мұражай қызметкері:

Музейдің залдарында орналасқан археологиялық жәдігерлеріміз де осы тау-кен ісінің тарихына байланысты. Соның ішінде Орталық Қазақстандағы қоныстардан алынған тас құралдар, қайла, балта, қола бұйымдар осы музейдің негізгі жәдігерлер қорын құрайды.

Жалпы, Жезқазған-Ұлытау аймағында шамамен 400-дей көне металлургиялық кеінштер бар. Мұны өткен ғасырдың 40-шы жылдары Қаныш Сәтбаев аэротүсірілім әдісімен анықтаған. Солардың бірқатары зерттеліп, құнды жәдігерлер Жезді мұражайының төрінен орын тапты. Қазір мұнда 18 500 жәдігер болса, соның 15 мыңы түпнұсқа.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз. 

Хабарламаларға жазылу