Сонау 16 ғасырға тиесілі. Тарихи деректерге қарағанда атақты Торайғыр, Шоң, Едіге билердің арғы бабасы Төлебай батырдан қалған жәдігер. Осы жерде қазақ жасақтарына қажетті мылтық, қылыш және оқ-дәрі дайындау үшін темір қорытып,ұсталық өнерді дамытқан. Елбасы мақаласына өзек болған ежелгі металлургия Ертіс-Баян өңірінде де ерек дамыған дейді өлкетанушылар.
Темір қыздырып, солқылдата соғып жатқан Қылышбек Жұматұлы. Жапанда жалғыз үй отырғаны бабасынан қалған ұстахананы қимайды. Бес ғасырлық тарихи жәдігердің түпнұсқасын сақтап қана қоймай, ұсталық өнерді жағыртып жүр.
Қылышбек Жұматұлы, шебер:
Үрме терісін ғана айырбастадық. Оны түйенің қом терісінен жасалған дейді. Мен мұны жылқының терісін илетіп, өзім қаптадым. Жұрнағын жерге тастамай, аяқ асты қылмай, сақтап келе жатырмыз.
Мына суреттегі атақты ұста Құлмағамбет Байбақұлы. 19-шы ғасырда Бүкілресейлік үлкен көрмеге өз қолымен жасаған қазақтың киіз үйін апарып, ақ патшаға сыйға тартқан адам.
Жұман Қасенұлы, өлкетанушы:
Петербургте үлкен жәрмеңке болған екен. Сол жәрмеңкеге қатысып, ол кісі қолөнер шеберлігін Еуропаға таныстырған. Мінекей, Еуропаға шыққан біздің қазақ өнері осы Құлмағамбеттің кезінен басталады.
Төлебай батырдың бүгінгі ұрпақтары көрікте кие бар деп санайды. Сондықтан бабадан қалған бұйымды музейге тапсырғысы жоқ. Қыс түсе қалаға келіп, кәсіп қылады. Көктемде қайта барып, көріктің отын тұтатады.
Қылышбек Жұматұлы, шебер:
Төлебай Жанғазыұлы деген атамыз темірді өз қолымен қорытып, шиті мылтық соққан, зеңбірек соққан көне заманда. Елбасы мақаласында темір қорыту қазақ даласында басталғаны айтылады. Бұл өркениеттің белгісі. Мәселен, мен аспаптарды Абылай заманында атамыздан қалған қол көрікпен өзім соғып, өзім қорытам. Елбасының осы жолы берген бағыт-бағдары қолөнерге септігін тигізеді деп ойлаймын.
Бұл да Құлмағамбет ұстаның қайыңның безінен ойып жасаған аң стиліндегі үкібас жауы. Ұрпақтары өткен ғасырдың 90 жылдары Омбы музейінен арнайы сұратып алдырыпты. Бір әулеттің қолынан шыққан түрлі дүниелер ерте заманғы дала өркениетінде өнідістік тәжірибенің болғанын айғақтайды.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.