Бүгін Өскеменде жаңа музей ашылды. Онда осы Шығыс өңірінен табылған 300-ден астам көне артефактілер қойылған. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университет ішінде орналасқан заманауи үлгідегі мұражайда студенттер білімін жетілдіріп, тарихи-танымдық шаралар өткізілмек.
Берік Көшербай, тілші:
- Тарихшылар қойнауы құпияға толы шығыс өңірін адамзат өркениеті бесіктерінің бірі деп атайды. Оған дәлел – жаңа музейдегі тың деректер. Мұнда археологиялық жәдігерлер мен Алтай өңірінің мәдени мұрасына қатысты мағлұмат мол. Мұражайдың ашылуы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу ұсынысымен тұспа-тұс келді.
Жанетта Қалимолдина, музей меңгерушісі:
- Біздің заманымызға дейінгі уақытта адамдардың қалай өмір сүргенін, оларда өркениеттің, өнердің болғанын, біздің жеріміздегі қазба байлықтардың қалай қолданылғанын паш етіп тұр.
Алғашқы металлургия кеніштері көптеп шоғырланған аймақта қалайы молынан өндірілген. Металл қазылған көне шахталар негізінен Ұлан және Жарма ауданының аумағынан табылған. Минералды ресурстарға бай өлкенің ежелден Кенді Алтай аталуы да сондықтан.
Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы, археолог:
- Қазіргі Шығыс Қазақстан өңірі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі ең үлкен металлургиялық провинциялардың біріне айналған дегенді бүкіл әлемнің ғалымдары, зерттеушілері мойындап отырғаны ақиқат. Шығыс Қазақстанда өндірілген қалайы сауда-саттық, әртүрлі қарым-қатынастардың арқасында сонау Қосөзен бойына дейін жеткен екен.
Өңірде қазба жұмыстарын жүргізген отандық археологтар бірнеше музыкалық аспапты да тапқан. Біріншісі, домбыраға, екіншісі, жетігенге ұқсас. Ал, осыдан 3 жыл бұрын көне қобыз тақілетті аспапқа тап болған. Көшпенділердің бай музыкалық мұрасын насихаттауды да мақсат тұтқан ұйымдастырушылар көпшілікті ұлттық өнердің жауһарларымен сусындатты.
Берік КӨШЕРБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.