Оңтүстіккореялықтар Қазақстанның мәдениетін картиналар мен өнер туындылары арқылы танып білуде. Таңғы шық елінде «Еуразиялық қиял. Постскриптум» атты көрме ашылды. Лондон, Берлин және Джерси-сити қалаларында өнерсүйер қауымның жоғары бағасын алған қазақ шеберлерінің көрмесі кореялықтардың да қызығушылығын тудырып отыр.
Қазақстандық шеберлердің туындылары ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасы - Хвасон қамалына қойылды. Отандық суретшілердің ауқымды көрмесін өткізу туралы келіссөз 1 жылға созылған.
Роза Әбенова, «Назарда Қазақстан» жобасының жетекшісі:
- Бұл көрмені аға буын, орта және жас ұрпақ өкілдерінің диалогы десе болады. Ол мәдени көркемдік мұрагерлікті зерттеп, біздің елдегі ғаламдық тарихи өзгерістерді көрсетеді.
Көрмеде Қазақстанда тұрып жатқан корей халқының белгілі өкілдерінің де туындылары қойылды. Олардың арасында Михаил Ким, Борис Пак, Наталья Дю және Леонид Хан бар.
Шин Ын Ён, Suwon IPark өнер мұражайының кураторы:
- Қазақстан - ежелден Шығыс пен Батысты байланысытырушы мәдени көпір. Бұл мемлекет ірі тарихи, саяси және қоғамдық өзгерістерді басынан кешірді. Қазақстан өнері бір шеңбермен шектелмейді. Ол тарих секілді түрлі форманы, жан-жақты бағытты қамтиды.
Suwon IPark мұражайы қазақстандық көрмені жыл оқиғасына балап отыр. Келушілер: «көрмедегі картиналар мен инсталляциялар арқылы Қазақстан өнерінің, жалпы мемлекеттің қарыштап дамығанын көруге болады», - дейді. Көрме келесі жылдың наурыз айына дейін жалғасады.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.