Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының ұжымы Армен Джигарханян театрында өнер көрсетті. Астаналық театр Ресейге «Золотой Витязь» халықаралық театр форумының аясында арнайы шақыртумен барды. «Отелло» пьесасының еліміздегі премьерасы осы жылдың мамыр айында өткен. Әсерлі қойылымда басты рөлдерді Қуандық Қыстықбаев, Ақмарал Танабаева, Нұркен Өтеуілов және Тілектес Мейрамов сынды тәжірибелі актерлер асқан шеберлікпен орындап шықты. «Золотой Витязь» фестивальі 10-шы желтоқсанға дейін жалғасады.
Айболат Сексенбаев, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының директоры:
- Бұл - біздің театрымызға үлкен серпін беретін фестиваль. Себебі, бұл жерде барлық елдерден келетін сыншылар, сарапшылардың ой-пікірі біз үшін маңызды.
Наталья Полукарова, «Золотой Витязь» халықаралық өнер форумының бағдарламалар директоры:
- Бұл фестивальге қазақ театрының қатысып жатқаны бізді қуантады. Қазақ достарымыз «Отелло» деп аталатын өте қызық спектакльді әкеліп отыр. Жалпы, Қалибек Қуанышбаев театры «Золотой Витязь» байқауына екінші рет қатысып жатыр. Өткен жолы «Тыраулап ұшқан тырналар» шығармасы үшін қазақ театры фестивальдің бас сыйлығын алған болатын.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.