Көкшетау тұрғыны музейге мамонт сүйектерін тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетау тұрғыны музейге мамонт сүйектерін тапсырды

12.12.2018

Көкшетау қаласының тұрғыны Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайына мамонт сүйектерін тапсырды. Дулат Мұстафин жануардың қалдықтарын осыдан 10 жыл бұрын қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Салқынкөл аулының іргесіндегі Ақанбұрлық өзенінің жағасынан тапқан. Музей мамандары «мамонт шамамен 40 мың жыл бұрын мекендеген», деп болжам айтуда. Құнды жәдігер әлі де зерттеледі.

Айта кету керек, осыған дейін де Ақмола облысының бірнеше ауданында мамонт сүйектері табылған еді.

Дулат Мұстафин, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Неге екенін білмеймін, бірақ, мен бірден мамонттың сүйегі екенін түсіндім. Мен ауылға демалысқа барған едім, сондықтан, достарыма мақтану үшін, сүйекті қалаға алып кеттім. Кейін үйде жатты. 10 жылдай уақыт өтті. Жер бәрімізге ортақ. Сондықтан, барлығы бұрын осы аймақта қандай жануарлар болғанын білсін, көрсін дедім.

Қуаныш Шақшақов, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры:

- Лабораториялық зерттеулер жасаймыз. Радиокарбонды, радиокөміртекті талдаулар жасап, оның нақты қай кезде мекендегенін анықтаймыз, ғылыми айналымға енгіземіз. 2019 жылы жаз айында табылған жерге барып, зерттеу жүргіземіз.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу