Қазақстандық суретші Афиныда өткен көрмеде туындыларын ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық суретші Афиныда өткен көрмеде туындыларын ұсынды

12.12.2018

Біздің елмен тығыз қарым-қатынас орнатқан гректер егемендік алғаннан бергі Қазақстанның саяси-экономикалық дамуына жоғары баға береді. «Тәуелсіздігін тұғырлы еткен жас мемлекеттің жылдар бойғы жетістігі - әлем елдеріне үлгі», дейді Грекияның жұрты.

Афины мен Астананың арасы алыс болғанымен, екі елдің дипломатиялық байланысы мемлекеттерді жақын етті. Стартегиялық серіктес мемлекеттер өзара саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени байланысты жылдан-жылға арттырып келеді.

 Яннис Кассавос, Ахарнон қаласының мэрі:

- Грекия мен Қазақстан көп жылдардан бері достық қарым-қатынаста. Ахарнон мен Шымкент қаласының 10 жылдық достығын да атап айтқым келеді. Мәдениеттен бастап, сауда байланысына дейінгі барлық салаға қолдау білдіріп отыруға барынша тырысамыз. Ахарнон - өнеркәсіптік қала, Шымкент те - Қазақстанның маңызды шаһары. Сондықтан, алдағы уақытта байланысымызды үзбей, әрі қарай жалғастырмақ ниеттеміз.

Салтанатты шара аясында ұйымдастырылған көрмеде қазақстандық суретші Евгений Ким өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Қылқалам шебері өз еңбегінде көшпенділер тарихын тамаша суреттеген.

Ставрос Ставулопулус, «Көне грек театрлары» қауымдастығы президентінің кеңесшісі:

- Қазақ халқы өзара достық қарым-қатынас пен отбасылық бірліктің арқасында кез келген қиындықты оңай еңсере білгенін осы суреттерден-ақ көруге болады. Рухты халықтың тарихын көрдім. Алдағы уақытта салт-дәстүрлеріңізбен жақын танысқым келеді.

Елена Келисиди, опера әншісі:

- Туындылар өте керемет. Оларға қарап, Қазақстанның бірегей мәдени мұрасы бар ел екенін бірден байқауға болады.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу