Жаңа кешен репрессия жылдарында жазықсыз жапа шеккен жандардың есімін ұрпақ жадында қалдыру үшін бой көтерді. Орталыққа түрлі архивтік құжаттар мен тұтқынға алынғандардың іс-көшірмелері қойылды.
Жаңа музей Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің қасына салынған. Өйткені, бұл - репрессия құрбандарының жаппай атылып, көмілген жері. Шараға тарихшы ғалымдар мен Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың ұрпағы Айман Байсалова қатысты.
Музей үш экспозициялық залдан тұрады. Бірінші залда 1916-1986 жылдар аралығындағы қуғын-сүргіннің жалпы тарихы бейнеленген. Сталиндік лагерьлердегі тұтқындардың өмірі көрсетілген. Сол кезеңнен сыр шертетін құнды жәдігерлер мен белгілі тұлғалардың жеке заттары қойылған.
Амандық Баталов, облыс әкімі:
- Бұл - тарихи жер. Қазақ елінің азаматтары осы жерде құрбан болған.
Орталықта зұлмат жылдары жазықсыз жазаланған 4125 адамның аты мәрмар тасқа қашалып жазылып, қабырғаға ілінген. Ал, залдың ортасындағы монитордан олар туралы ақпараттарды екі тілде көруге болады.
Бейбіт Қойшыбаев, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Бізде 120 мың адам қуғын-сүргінге ұшырады. Ал, енді Кеңес үкіметі келгелі миллиондаған адам кетті ғой. Әртүрлі дәрежеде сотталды, атылғаны бар.
Музейді аралап көрген тарихшылардың айтуынша, әлі де толықтыратын тұстары көп. Ал, облыс әкімі бұл жерді алдағы уақытта ғылыми-зерттеу орталығына айналдырып, 15 гектар аймақта тарихи кешен жасау жоспарланып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, әкімшілік тарапынан музейге жаңа автокөлік тарту етілді.
Аманкелді СЕЙІТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.