«Қазақстан» орталық концерт залы адамға лық толы. Министр есебі үшін келгендерге көрме де ұйымдастырылған. Мәдениет, спорт, туризмдегі барымызды сөзбен ғана емес, көзбен де көруге болады. Баяндама үшін үлкен сахна төріне шыққан Арыстанбек Мұхамедиұлы өнердегі өресі биік Димаш пен Данелияның АҚШ-та ірі додада жүргенін айтып, бір марқайды.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Театр саласында да керемет жетістіктер бар. Біздің жерлесіміз Самал Еслямова Канн фестивалінде үздік актриса атанды.
Ардақты әртіс Асанәлі Әшімов пен қадірлі қаламгер Мырзатай Жолдасбеков министрдің басты тыңдарманы болғандай. Бірнеше сағатқа созылған баяндама барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы ағаларына көп мән берді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Апта сайын бір қазақстандық міндетті түрде бір халықаралық турнирде, кәсіпқой бокста үлкен биікке жетіп жатыр.
Дегенмен, спортта сан соққан сәттер де аз емес. Пхенчхандағы XIII Қысқы Олимпиададан олжа біреу-ақ болса, Джакартадағы жазғы Азия ойындарындағы жалпыкомандалық 9-орын өткен жылдарға қарағанда төмен. Есесіне, былтыр кино әлемі үшін табысты жыл болды. «Кинематография туралы» заң қабылданып, ұлттық киноның үлесі 14 пайызға жетіп, екі есе артты.
Биыл «Алтын тақ» туындысының жалғасы, Ақан Сатаевтың «Томирисі», «Абылай хан», «Қасым хан», «Ботай – арғымақтар мекені» сынды фильмдер жарыққа шығады. Басым бөлігі – тарихи туындылар. Өйткені қала қазағы болғанымен, жаны мен тәні даланы аңсайтын көрерменнің көп екені анық.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.