Ақтөбеде тұңғыш рет телехикая түсіріле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде тұңғыш рет телехикая түсіріле бастады

21.02.2019

Ақтөбеде тұңғыш рет телехикая түсіріле бастады. Бұл «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының облыстық филиалының жастар жылына қосқан үлесі. Туындының алғашқы он бөлімі алдағы жазда көрерменге жол тартпақ. Оған әзірше «Welcom to Aqtobe» деген шартты атау берілген. Шығармашылық ұжымның  жұмысына әріптесім Жақсыбек Кемал көріп қайтты.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Телехикая негізінен осы жерде түсіріледі. Жатақхананың екі бөлмесі іспетті бұл түсірілім алаңын телеарна қызметкерлері өз күштерімен жасаған. Бүгін тележобаның екінші бөлімінің  түсірілімі басталды.

Ситком жанрындағы телехикая жастардың студенттік өмірін суреттейді. Негізгі кейіпкерлер саны - 8. Сценарий бойынша олар Ақтөбеге еліміздің әр өңірінен келген. Араларында шетелдік студенттер де бар. Актерлар 200-ге жуық үміткердің ішінен кастинг арқылы таңдалған.

Айбек Намазбаев, актер:

Таңсық дүние.Өзім бұрын сериалға түсіп көрген жоқпын. Тәжірибем жоқ. Өзімді басқа жағымнан сынап көргім келді.

Түсіріліммен кәсіби мамандар айналысып жатыр. Сценарийге сәйкес,  телехикаяның кейбір бөлімдерінде  «Х кейіпкерлер»  болады. Олар саясатта, өнерде, бизнесте жүрген белгілі адамдар болуы мүмкін. Нақты кімдер шақырылатыны әзірге құпия.

Азамат Айнағұлов, идея авторы:

Басты рөлде ойнап жатқан сегіз әртістің ішінде екеуі осы күнге дейін кинода, тек қана Қазақстанда емес, Ресейде өнер көрсеткен екі жігітіміз бар.

Әр бөлімі 20 минуттан тұратын туындыны толығымен, ақтөбелік өнім деуге болады. Идея авторы мен режиссер бүкіл елге көрсетуге лайықты телехикая түсіруді мақсат еткен. Олар ситуациялық комедияның барша көрерменге ұнайтынына сенімді.

Марат Телеуов, қоюшы-режиссер:

Ақтөбе қай салада болмасын ілгері келеді. Біз осы жерде кино индустрияны неге дамытпасқа деп ойладық. Туындыны өзге теле хикаялармен салыстырудың қажеті жоқ, бәрі өзгеше болады. Ұжым барынша еңбек етіп жатыр.Бұл жастар жылына және Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арлаған тарту болмақ.

Бұған дейін «Aqtobe» телеарнасы Т.Ахтанов атындағы драма театрмен бірлесіп,  өңірдегі алғашқы толықметражды көркем фильмді түсірген еді. Шығармашылық ұжымның ендігі мақсаты – демеуші  табу. Ең бастысы, туынды қазақ тілінде түсіріліп жатыр. Жобаға «Qazaqstan» ұлттық арнасы қолдау көрсетті.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу