Мәскеуде Димашты тыңдармандары жылы қарсы алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде Димашты тыңдармандары жылы қарсы алды

21.03.2019

Димаш Құдайберген Мәскеу қаласына ұшып барды. Әлемге танылған қазақ әншісі Наурыз мерекесі қарсаңында Ресейдің ең атақты сахнасы саналатын Мемлекеттік Кремль сарайында 2 күн бойы жеке концертін береді. Бұл кешті көру үшін Димаштың фанаттары әлемнің әр түкпірінен Мәскеуге жиналып жатыр. Олардың бір парасы жерлесімізді Мәскеу әуежайында ерекше құрметпен күтіп алды.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

- Мәскеу халқы Димашты ұзақ күтті. Тек Мәскеу халқы ғана емес, әлемнің көптеген елдерінен келген Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері әуежайға алдын ала молынан жиналды. Олардың тілі, діні, ұлты басқа. Алайда барлығын біріктіріп тұрған бір дүние бар. Ол Димашқа, оның шығармашылығына деген сүйіспеншілік.

Димашты қарсы алу үшін әуежайға жүздеген адам жиылды. Әншінің жанкүйерлері Германия, АҚШ, Венгрия, Қытай және ТМД елдерінен арнайы келді. Барлығының қолында Димаштың суреті мен қазақтың көкбайрағы.

Тұрсынай Сырғатаева, жанкүйер:

- Мен Бішкектен келдім. 22-сі күні Кремль сарайыны барамыз, концертін көреміз.

Евгения Барсегян, жанкүйер:

- Димашты әуежайдан қарсы алу үшін Укранинаның Одесса қаласынан арнайы келдім. Мен Димаштың Украниадағы фан-клубының жетекшісімін. Біз Димашты қатты жақсы көреміз. Енді біздің елге де келіп, концерт берсе деген арманымыз бар.

Димашты көргенде жұрттың қуанышында шек болмады. Жан-жақтан қаумалаған фанаттары, сүйікті әншісімен суретке түсіп, қолтаңба алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрды.

Наурыздың 22-сі мен 23-і күндері, қатарынан екі күн бойы Димаш Мәскеуде концерт береді. Сондықтан ол әуежайдан шыға салысымен, бірден дайындыққа кетті. Ал, әншіні қаумалаған жанкүйерлер оны көлігіне дейін қимай шығарып салды.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу