Наурыз жалпыхалықтық мерекеге айналды. Ұлт пен ұлысқа бөлінбей, халықтың ортақ мерекесі ретінде аталып өтеді. Еліміздің теріскейдегі жұрты да Петропавлдың орталық алаңына ақшаңқан киіз үйлер тігіп, Ұлыстың ұлы күнін сән-салтанатымен тойлады.
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
- Бүгін Қызылжар жұрты да Наурыз мерекесін тойлап жатыр. Қысы қытымыр, ақтүтек боран мен сақылдаған сары аяздан көз ашпайтын халық бұл кезеңді ерекше күтіп, «Ұзын сары» атап кеткен. Күн жылынып, жер аяғы кеңігесін бір-біріне сәлем беріп, қауышып, құттықтауға асығады. Бүгінгі жиналған қауым да - соның айғағы.
«Наурыз - тек жылбасы ғана емес, жаңару мен молшылықтың бастауы»,- дейді теріскейліктер. Сондықтан барын салып тойлайды. Бұның бірі атадан қалған салт-дәстүрді паш етеді. Әсіресе, соңғы жылдары тойдың ауқымы да өсіп, сәні мен салтанаты жарасып келеді.
Дәстен Баймұқанов, ақын:
- Жыл сайын Наурыздың әртүрлі өткеніне, жаңа да бір істермен торлыққанына риза боламыз.
Наурыз тек орталық алаңда ғана емес, шеткері аумақтар мен үй аулаларында тойлау игі дәстүрге айналып келеді. Биыл Полиция департаменті Жұмысшы кенті тұрғындарына дастарқан жайып, ұлттық тағамдарды ұсынды.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ