Маңғыстаудағы Құрық порты - Елбасының төл туындысы. Президенттің тікелей бақылауымен жүзеге асқан ірі индустриялық-инновациялық жоба - еліміздің транзиттік және көлік әлеуетін дамытуға серпін берді. Құрық портының екінші кезеңін іске қосу кезінде Елбасы «Құрық портында жаңадан іске қосылған инфрақұрылым көлік транзитін дамытуға жол ашады. Нәтижесінде, Құрық пен Транскаспий бағыты арқылы Қытай, Орталық Азия елдері мен Ресейдің Орал-Сібір аймағынан Түркия мен Еуропаға тауар тасу процесі оңайлайды», деген болатын.
Айтқандай, бүгінде Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстанның тауарлары порт арқылы Түркия мен Еуропа елдеріне тасымалданады. Ал, Украина, Түркия, Грузия мен Әзербайжанның импорт транзиттік жүктері Қытай мен Өзбекстанға және еліміздің өзге өңірлеріне жеткізіліп жатыр.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Екі жыл бұрын ғана іске қосылған Құрық порты арқылы бүгінде 2 млн. 850 мың тонна жүк жөнелтілді. Олар - Қазақстаннан шығатын астық, мұнай және аммиак селитрасы. Сондай-ақ, шетелдік транзиттік жүктер. Құрық порты арқылы жүкті тиеп-түсіру өте ыңғайлы. Себебі, жаңа порт Каспий теңізінің шығыс жағалауында табиғи шығанақта орналасқан.
Порт бір мезгілде 4, ал тәулігіне 8 кеме қабылдай алады. Кедендік рәсімдеу әрі кетсе 50 минутқа созылады. Себебі, мамандар бір терезе қағидасымен қызмет көрсетеді.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Портта тәулік бойы жүк тасымалданады. Елімізден шығатын астық, мұнай өнімдері Қара теңіз арқылы Еуропаға жол тартса, Украинаның жиһазы мен кондитерлік өнімдері осы порт арқылы еліміздің өзге де аймақтарына жөнелтіледі. Мәселен, мына вогондарда ет өнімдері мен жеміс-жидек, көкөністер тиелген. Олар Маңғыстауға Әзербайжаннан жеткізілді.
Құрық портында барлығы 300-ден астам адам жұмыс істейді. Ренат Хамиев - Құрық ауылының тұрғыны. Жас маман аумақты жылумен қамтамасыз етеді.
Ренат Хамиев, оператор:
2017 жылы жұмыссыздық арқылы келіп, Үкіметтің «Жаңа серпін» бағдарламасымен екі ай оқып, осында орналастым. Осы мекеменің ашылғанына қуанамын. Отбасым бар, үйден келіп, кетіп жүрген жақсы ғой.
Құрық порты арқылы паромдар Әзербайжан мен Грузияға қатынайды. Болашақта жаңа 3 бағытты іске қосу жоспарда. Өйткені, Иран, Түрікменстан мен Ресей елдеріне жүк тасымалдауға сұраныс көп.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ