Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктер отандастарымызды Наурыз мерекесімен құттықтады. Ұлыстың ұлы күні олар да қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, мәдениетімізге үңілді. Олар өз тілдерінде ақ тілегін жаудырып, қазақстандықтарға бақ-береке, татулық және бейбіт заман тіледі.
Бидай, күріш, тары, сүр ет, бұршақ. Қазақстанда 3 жылдан бері тұрып жатқан индонезиялық Юлан Росо қазақтың Наурыз көжесін дайындауды үйреніп алған. Міне, биыл үшінші жыл ұлттық тағамды зор сүйіспеншілікпен әзірлеп отыр. Дипломатиялық қызметпен елімізге келген ол қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениеті және әз-Наурыз сынды ұлттық мейрамына тәнті.
Ириани болса бауырсақ пісірудің шебері. Күнделікті ас мәзіріне тағамның бұл түрін қосуды әдетке айналдырған. Өйткені, бауырсақ индонезиялықтардың жергілікті тағамдарының біріне қатты ұқсайды екен.
Ириани Сейтауати, Индонезия азаматы:
Индонезияда тағамдар майлы. Қуырылып пісіріледі. Біз де етті көп жейміз. Сондықтан, бауырсақты қатты жақсы көреміз. Міне, бүгін Наурызда оны көп етіп пісіріп қойдым.
Бүгін бұл орталықта үлкен той. Қазақстандағы Индонезия елшілігінің қызметкерлері қазақстандық әріптестерімен бірге көктемнің шуақты мейрамын тойлауда. Мерекелік дастархан жайылып, елден жырақта жүргендер қазақтың жаңа жылын атап өтіп, бір-біріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ал, бұл - анклун атты батыс Ява аралынан келген ұлттық аспап. Агун Сабутра бұл аспапта қазақтың қамажайын ойнауды үйреніп алған.
Агун Сабутра, Индонезия азаматы:
Қазақстанда 4 жылдан бері тұрамын. Наурыз мейрамын ерекше жақсы көремін. Біріншіден, осы уақытта қалада күн жылынып бастайды. Екіншіден, бұл күні халық ұлттық колоритке еніп кетеді. Сырт елден келген азамат үшін қазақтардың нағыз бет-бейнесін көру мүмкіндігі туады.
Индонезиялықтардан бөлек, АҚШ елшілігі де қазақтың Жаңа жылын атап өтті. Елдің дипломаттары алғаш рет өздері бауырсақ пісіру үрдісіне қатысып, әр шаңырақтың дастарханына қойылатын нанның қадір-қасиетін түсінді.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ