Әз-Наурызды Сыр жұртшылығы дүбірлете тойлауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әз-Наурызды Сыр жұртшылығы дүбірлете тойлауда

22.03.2019

Әз-Наурызды Сыр жұртшылығы дүбірлете тойлауда. Негізгі шара бүгін орталық алаңда өтті. Ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүр жаңғырып, әдет-ғұрып дәріптелді. Жағалай киіз үйлер тігіліп, көпшілікке наурыз-дәм ұсынылды.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

 Мерекенің басты сәні - Наурыз көже. Таңертеңнен бері қазан-қазан көже дайныдалып, жұртшылыққа тегін таратылды. Ал, халық оны таласа, тауыса ішті. Себебі, Наурыз көжені тойып ішсең, жыл бойы тоқ жүресің деген сөз бар.

Жағалай ақшаңқан киіз үйлер тігілген. Олардың әрқайсысының өз атауы бар. Соған сәйкес безендірілген. Әр үйде ақ дастархан жайылған, көпшілік дәмнен ауыз тиіп, бір-біріне жақсы тілек тіледі. Желеф Паскаль - Болгариядан  келген қонақ. Ұлттық мереке оған қатты ұнаған.

Желеф Паскаль:

Бәрі әдемі. Мерекелік көңіл-күй өте керемет. Адамдардың барлығы емен-жарқын. Ал, ұлттық тағамдардың дәмін айтып жеткізу мүмкін емес. Және киіз үй ұнады маған.Өте әдемі. Теңдесі жоқ құндылық. 

Бұл торттың салмағы 1 тоннаға жуық. Кондитерлер бір күн бойы  дайындаған. Дәмі тіл үйірер тәттіні өңірдегі ең ірі кондитерлік мекеме  көпшілікке тегін үлестірді. Халықтың көңіл күйі керемет. Жайма-шуақ ауа райы да мереке ажарын аша түсті.  

Жастар   спорттық шараларға белсене қатысты. Арқан тарту, тоғызқұмалақ, күш сынасу, бес тас,  асық  ойындарына атсалысып, өзара сынға түсті. Ләңгі тебу ойыны да ортаны қыздырды. Береке бірлікті ту еткен сырбойылықтар осылайша ұйымшылдықпен Әз-Наурыз мерекесін  дүркіретіп тойлап, алдағы жылдан мол ырзық-несібе тіледі.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу