Наурыз мерекесі Болгарияда да тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз мерекесі Болгарияда да тойланды

02.04.2019

Қазақстанның осы мемлекеттегі дипломатиялық миссиясы ұйымдастырған мерекелік шараға Болгария үкіметінің мүшелері, парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері мен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Жат жердегі қандастарды мерекемен құттықтау үшін, София қаласына семейлік жерлестеріміз де арнайы сапарлап, ән мен жырдан шашу шашты.

Елден келген қазақтар мен Болгариядағы қандастарымыздың қуаныштарында шек жоқ. Көрмегелі көп жылдың жүзі болған. Құшақтасып, көрісіп, бір-біріне құтты болсын айтып жатыр. Қазақтың қуанышына Болгария үкіметінің мүшелері, депутаттар мен шетелдік меймандар да ортақтасып, жүрекжарды лебіздерін жаудырды.

Маргарита Попова, Болгарияның экс-вице-президенті:

- Болгарияның вице-президенті ретінде елдеріңізге алғаш ресми сапарлаған кезде-ақ Қазақстанды қатты ұнатып қалдым. Керемет ел. Достыққа негізделген қарым-қатынасымыз экономикалық, мәдени салада одан сайын жанданса деймін. 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасы бар, тұрақты экономикалық дамуға басымдық берген, сыртқы саясатта салмақты орны бар Қазақстанмен екіжақты байланысымыз әрі қарай да қарқынды дамуына тілектеспін.

Валери Жаблянов, Болгария парламентінің депутаты:

- Біздің парламентаралық достығымыз да мығым. Қазір біз София қаласында Қазақстан Парламентінің делегациясын қабылдауға дайындалып жатырмыз. Заңдық тұрғыда тәжірибе алмасып, экономикалық қатынасты күшейтпек ниетіміз бар. Қазақстан басшылығын, барша халықты Наурыз мерекесімен құттықтаймын. 

Бұл - болгарлардың тойға тартуы. Елуді алқымдаған аға буын өкілдерінің мақсаты - ұлттық өнерді жас ұрпақтың бойына сіңіру. Семей өңірінен келген жерлестеріміз де шашу шашып, жиналғандарға қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын паш етті. Мерекелік концерт қойды. Туған ел туралы ән, күмбірлеген күй атажұртты аңсаған қандастарымыздың жүрегін елжіретіп, шетелдік меймандарды тәнті етті.

Шара Қарсақпаева, Болгариядағы қазақстандықтардың «Әруақ» қоғамының төрайымы:

- Адам есейген сайын шыққан тегін, ата-бабасының жерін, туған елінің ауасын, туған-туыстарын - бәрін қатты сағына бастайды екен. Несіне жасырайын, мен де елді сағынғанда көз жасыма ерік беремін. Ұлттық музыканы тыңдасам,көңілім көтеріледі. Жерлестеріммен кездестіріп, осындай керемет кешті ұйымдастырғаны үшін елшілікке алғысым шексіз. Бүгін елге барып келгендей болдым. Көпұлтты Қазақстанымызда тек бейбітшілік, бірлік болсын.

Ұлық мерекеге арналған концерттен кейін көпшілік ұлттық тағамдардан дәм татты. Наурыз көже ішіп, естелік суретке түсіп, мәз-мейрам болған болгарлар енді келесі Наурызды асыға күтеді.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

 

Хабарламаларға жазылу