Саяхатшылар Түркістан облысының  тарихи орындарын енді түйемен аралайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саяхатшылар Түркістан облысының  тарихи орындарын енді түйемен аралайды

09.04.2019

Саяхатшылар Түркістан облысының  тарихи орындарын  енді темір тұлпармен ғана емес, түйе үстінен қызықтайтын болды. Алғашқы  түйе керуені ежелгі  Шауғар шаһарына бет алды. Мұнан соң олар  Яссы және көне Отырар қалашықтарына аялдап, саяхатшылар үшін қызықты болатын туристік бағыттарды анықтап шықпақ.

Шауғар VIII және X ғасырларда қалашық аталып, Түркістан  аймағының орталығы болған. Тарихи орын бүгінде Шойтөбе деген атпен таныс. Археологтар Ұлы Жібек жолы бойындағы бұл қоныста жұрт XIV ғасырға дейін тіршілік еткенін айғақтап отыр. Кейіннен іргедегі Яссы гүлденіп, өркендеген шақта халық сонда көшіп кеткен деседі. Келешекте бұл жер ашық аспан астындағы мұражай болмақ.

Ерлан Сыздық, өлкетанушы:

Бірінші пилоттық жобаны жүзеге асырып, осы түйелермен қанша уақытта біз Иассы қаласы Түркістан қаласына жетеміз. Соны көрмекшіміз. Сол арқылы алдағы уақытта тур-компанияларды немесе қандай да бір ұйымдардың тапсырыс беруі арқылы біз түйе санын көбейтеміз.

Саяхатшылар көбіне Түркістанға ғана аялдайды. Оның төңірегіндегі тарихи орындардың сырына қаныққысы келгендер табылғанымен баратындары  некен-саяқ. Туристік бағыттарға түйе кереуенін пайдаланудағы басты мақсат осы.  Өйткені, автокөлікпен  жету қиын. Мәселен, былтыр Түркістанға 1 млн. 200 мыңнан астам турист келсе,  соның небәрі екі пайызы ғана сол төңіректегі тарихи мекендерді аралап көріпті.

Жасұлан Төлебеков, облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары:

Алдағы уақытта бізде мемлекеттік бағдарлама қабылданып жатыр. Нәтижесінде мемлекет тарапынан жәрдемдер қарастырылған. Сол арқылы туристік бизнес өкілдеріне ұсынып, қызмет түрін көбейтеміз.

Мамандардың айтуынша, шетелден келетін туристерді Ясауи кесенесінен  бөлек, Ұлы Жібек жолы бойындағы Сауран, Сидақ, Қараспан, Күлтөбе, Отырар қалашығы секілді тарихи орындар да көп қызықтырады.

Оларға тарихтан бөлек  ұлттық  мәдениетіміз бен дәстүрімізге  таныту мақсатында бұл орындар да тұрақты туристік бағыттарға енгізіледі. Ал Түркістанға аялдаған түйе кереуені әрі қарай Отырарға бет алды. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу