Атақты Барокко залында ұйымдастырылған кешке Ресей, Франция, Италия, Швейцариядан меймандар арнайы келген. Шамшиденова – Вена филармониясының жетекші солисі. Әлемнің көптеген елінде өнер көрсетеді.
Австрияның атақты Барокко залы. Әлемдегі ең бағалы рояльдің сүймелдеуімен опера әншісінің жеке концерті өтті. Айгүл үшін бұл – айтулы сәт, тарихи күн. Кеште орындалған туындылар тым күрделі. Классикалық операның інжу-маржандары. ХІХ ғасырдың ұлы композиторлары – Россини, Беллини, Доницеттиден бастап Верди, Шарпантьелердің үздік шығармалары.
Берлин Иришев, Франциядағы қазақтар қауымдастығының төрағасы:
- Біздің еліміздің таланттары шетелде, әсіресе, Еуропаға шығып жатыр. Олардың болашағы бар. Шетелде жүрсек те, осылай бір-бірімізді қолдауымыз керек. Айгүлді қолдау үшін келіп, мәз боп отырмыз.
Паул Штейнхауер, Вена тұрғыны:
- Айгүлдің өнеріне көпшіліктің таң-тамаша болғанын аңғардық. Бүгінгі концерт өте жоғары деңгейде өтті. Вена қаласында опера кештерін жиі тамашалаймыз. Дегенмен, Айгүлдің талантына, оның жас та болса, жеткен жетістіктерін естігенде, риза болдық. Өнері биіктей берсін!
Айгүл Шамшиденованың ерекше дауысы 2004 жылы Голливудта 4 алтын медальмен және ән орындаушылардың бүкіләлемдік байқауының гран-приімен марапатталды. Ал, 15 жасында Санкт-Петербургтағы Елена Образцованың халықаралық байқауында лауреат атанды. Өнерімен көпті таңғалдырып жүрген жерлесімізге қолдау білдірушілер көп. Соның бірі – опера әншісі Элизабет Сиси Малер. Ол Швейцариядан Айгүлмен ән шырқау үшін арнайы келген.
Элизабет Сиси Малер, опера әншісі:
- Айгүлмен бірге ән айту мен үшін жеңіл әрі қызықты болды. Ол – кәсіби тұрғыдан алғанда, ерекше дарынды әнші. Кез келген күрделі шығарманы оңай орындай алады. Біздің опера өнеріндегі дуэтіміздің болашағы зор болатынына сенемін.
Айгүл сұлу да сырбаз өнерге бала кезінен құштар болды. Биік шыңдарды бағындыруды мақсат тұтты. Ол Талдықорғанда дүниеге келіп, Алматыдағы Жәния Әубәкірованың мектеп-колледжінде оқыды. Вена консерваториясын тәмамдады. Ең білікті ұстаздардан тәрбие алды. Білім-білігін әлемдегі ең үздік сахналарда шыңдады.
Айгүл Шамшиденова, опера әншісі:
- Мен көптеген мемлекеттің шақыруымен өнер көрсетіп келемін. Әйтсе де, туған жерім Қазақстанда және Венада ерекше сезімде боламын. Екі елдің талғампаз тыңдарманының орны бөлек. Мен көрермендердің ыстық ықыласын, ілтипатын сезінемін. Концертімнің сәтті өткеніне қуаныштымын.
Бүгінде Айгүл Вена консерваториясында магистр дәрежесі бойынша білім алып жатыр. Сондай-ақ, қазақстандық әнші – Вена филармониясының, Вашингтондағы Қазақ-Америка қауымдастығының жетекші солисі. Қазақстандық опера әншісінің жұмыс кестесі тығыз. Сәуірдің 21-інде елордадағы концертке қатысса, содан соң Италия, Швейцарияда өнер көрсетеді.
Жазира ДОСМАҒАНБЕТ