Алматыда белгілі күйші Жанғали Жүзбаевтың «Алатау алабында Жанғали Жүзбаев» атты күй кеші өтті. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері қазір Астана ұлттық өнер академиясының «Домбыра» кафедрасында ұстаз болып қызмет етеді.
Кейінгі жылдары ол қазақ күй өнерін тереңірек зерттеуге кірісті. «Қазақтың шертпе күйлері», «Шертпе күйдің төрт мектебі» атты зерттеу еңбектері және «Ұстаздың педагогикалық репертуары» атты студенттерге арналған әдістемелік нота кітабы жарыққа шықты.
Қазақ күйлерінің «Мәңгілік сарын», «Қазақтың мың күйі» антологияларына Қыздарбек, Сембек, Итаяқ, Бегімсал, Дәулетбек сияқты халық композиторлары күйлерінің сирек орындалатын нұсқасын жазды.
Сондай-ақ, Жанғали Жүзбаев - Сүгір күйлерін түпнұсқада орындайтын санаулы күйшілердің бірі, дейді әріптестері.
Ұлжан Байбосынова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
Бұл кісі тек күйді орындап қана қоймайды. Жалпы осы күйді барынша жан-жақты зерттеп, оның тарихына, аңыз-әңгімесіне назар аударып және оны өн бойында сақтап, жұртшылыққа жалаң ғана орындай бермей, оның бар тарихымен таныстырып, айтып, әңгімелеп отырып орындайтын күйші, өнерпаз.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ