Алаш жұрты Жарқын Шәкәріммен қоштасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алаш жұрты Жарқын Шәкәріммен қоштасты

17.04.2019

Алаш жұрты белгілі күйші, өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрімді ақтық сапарға шығарып салды. «Қазақ концерт» ордасында өткен қаралы жиында оның әріптестері мен туған туыстары күйші туралы естеліктер айтты. Себебі, Жарқын Жақияұлының еңбектері бүгінде ұлт игілігіне айналды. 

Жарқын Шәкәріммен қимай қоштасқан көпшіліктің көңілін бір дүние жұбатқандай. Өйткені, ол күйшілік өнермен шектелмей, бабалар мұрасын түгендеген өнертанушы ғалым жолын таңдады. Міне, сондықтан, оның замандастары зерттеушінің еселі еңбектері ұлт үшін асыл қазынаға айналды деп отыр. 

Құсыман Игісінов, Қазақ телевизиясының ардагері:

Әмірені тірілтіп кетті. Әміренің әнін анау «Балқадишасын», мынау біріне-бірі жалғасып жатқан ұрпақтардың есінде құлағына мәңгі сіңіріп кетті. Тек қана естіртіп емес олардың құлағына құйып кетті. Жарқынның теледидардағы еңбегі деген ол өз алдына бөлек дастан.

Жарқын Жақияұлы қазақ телевизиясының қара шаңырағында 30 жылдан аса еңбек етті. Осылайша, ұмытыла бастаған дәстүрлі ән-күйімізді қайта түлетіп, байырғы өнер туралы қоғамдық сананың орнығуына сеп болды.

Біләл Ысқақ, күйші:

Ол өзінің рухани жағынан біз үшін қазақ үшін музыканың қандай қажеттілігін дәлелдеп жақсы жазған зерттеуші. Бұл зерттеушілердің ішінде сирек кездесетін зерттеу. Әсіресе, мынау ән өнерін, сонан кейін күй өнерін. Абайдың мұрасындағы күй өнерінің алатын орнын алғаш жазғандардың бірі.

Жарқын Шәкәрім үш ішекті домбырадағы қос бұраудың тінін үзбей кейінгі толқынға аманаттаған күйші. Күйдің құдіретін терең түсінгендіктен,  қолына домбыра ұстаған жастарға қамқорлық көрсетіп, ақыл-кеңес берді. Сондықтан, Жарқын Жақияұлынан бата алған «Арнау» фальклорлық-этнографиялық ансамблі халықаралық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанып, ұлт аспаптарын әлемге танытып жүр.   

Еркін Шүкімән, дәстүрлі әнші:

Осы қосбұрауды орындаған екі адам бар еді. Біреу осы Жарқын ағамыз болса, сол бірі Жарқын ағамыздың соңынан ерген Нұргүл Әкімғожа деген апайымыз еді. Міне, осы қос бұрауды бүгінге жеткізген екеуі.

Өнерді зерттеу арқылы өмірін өнегеге айналдырған тау тұлғаның еңбегі ерен. Ал, оның жарқын бейнесі мен орындаған күйлері өзі еңбек еткен Ұлттық арнаның алтын қорында Әміре Қашаубаевтың дауысымен бірге мәңгі сақталмақ. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ                       

Хабарламаларға жазылу