Отандық жас режиссерлердің екі бірдей кинотуындысы. Нұр-Сұлтанда «Тиын» және «I'm going to Paris» деп аталатын драмалық картиналардың тұсаукесері өтті. Бұл ерлі зайыпты режиссерлар Мұрат Есжан мен Айсәуле Әбілдаеваның ортақ еңбегі.
«Тиын» атты фильм әкесінен айрылған баланың оқиғасы негізінде түсірілген. Бес жасар бала келмеске кеткен әкесімен кездесу үшін, ақша жинайды. Екінші туынды ағылшын тілінде жарық көрді. Ол «сандық» дәуірдегі адам өмірінің мәнін ашуды көздейді.
Онда Лоре есімді қарапайым қыз парижді көруді армандайды. Оған жету үшін әлеуметтік желіге жалған фотолар мен посттар жариялап, виртуалды ойластырылған әлемде өмір сүреді. Туындылар жуырда жаппай көрсетілімге шығады.
Мұрат Есжан, режиссер, сценарист:
Осы екі фильмнің де ортақ жері бар ол - адамның арманы. Ал арман деген кейде бір мистикалық нәрсе. Ол арман адамды өлтіруі де мүмкін, арман адамды жетелеуі де мүмкін. Сондықтан, арманды дұрыс таңдау, арманды анықтап алу деген мәселелер қозғалады деп ойлаймын.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ