БҚО-ның Бәйтерек ауданында құмай тазылар көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-ның Бәйтерек ауданында құмай тазылар көрмесі өтті

24.04.2019

Желдей жүйрік қазақы иттердің болмыс-бітімі сыналды. Алыстан арнайы сарапшы алдыртып, дене тұрқы, мінез-құлқы сарапталды. Мақсат – жаттың жетегінде кетуге шақ тұрған құмай тазының тұқымын түгендеу. Тазасын сұрыптап, санын көбейту. 

Ардақ Мұратқызы, тілші:

- Көрмеде тазының барлық дене мүшесі: басы, тұмсығы, көзі, құлағы, тісі де мұқият қаралады. Иттің дене тұрқы, қимыл-қозғалысы, мінез-құлқына дейін бағаланады. Өйткені нағыз құмай тазы көп үрмейтін, сабырлы болуы керек. Егер ашушаң не ызақор болса, ол шатыс деп есептеледі екен.

Ауылда өткен көрмеге 30 шақты құмай әкелінді. Әркім өз тазысының тазақанды екенін дәлелдеуге асық. Шараға Қостанай өңірінен сарапшы маман шақыртылған. Кинолог ит төресінің бабын сынап, бағасын берді.

Аралбай Ғалымов, Қызылжар ауылының тұрғыны:

- Эксперттен өте жақсы деген баға алды. Мынау өзінің жеке куәліктері: медициналық, аңшылыққа арналғаны бар. Маусым ашылған уақытта осы куәлікпен лицензия алып, шығамыз аңшылыққа.

Оны өткізудегі мақсат – құмай тазыны құжаттандыру. Қазақы ит халықаралық кинологиялық бірлестік тізіміне енбеген. Ол үшін құжат бойынша тазының саны мыңнан асуы керек.

Нұрланғали Қайыров, Сарыөмір ауылының тұрғыны:

- Қазақ өзіміздікі деп ауызша айтып келгенімен, бүкіл дүниежүзілік кинологиялық орталыққа тіркелмегендіктен, оны басқа ұлттар иеленіп кетудің қаупі төніп отыр. Кем дегенде төрт атасынан бермен қарай тіркелуі керек. Сонда ғана тазының тұқымға жататынын мойындайды.

«Құмайдың тұқымы азайып барады. Араласы көп», - дейді маман. Сондықтан ұлттық құндылығымыз - құмайды насихаттау, асыл тұқымдысын таңдап алу аса маңызды.

Ирина Иванова, халықаралық дәрежедегі сарапшы:

- Тазы қаншығының бойы – 55-65 см, ал арланы - 60-70 см аралығында болуы тиіс. Салмағы сәйкесінше 15-20 және 20-33 келіден аспауы шарт. 

Тазыға баға берілгеннен кейін терісіне чип салынады. Бұл - оның дерекқоры.

Ерлан Ермеғали, кинолог:

- Чипта барлық мағлұмат енгізіледі. Иттің жасы, иесі, төрешілерден алған бағасы - бәрі енгізіледі. Құжат рәсімдеуге Алматыға Қазақстанның кинологиялық бірлестігіне жіберіледі.

Чиптегі мәлімет 2 ай ішінде қаралып, құжат қолға тиеді. Әрі қарай күшіктерге де төлқұжат жасалады. Мамандардың айтуынша, осындай бастамалардың арқасында жеті қазынамызды жаттың қолына бермейміз.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу