Жеңіс мейрамы аяқталғанмен, ардагерлер мен майданда ерлік жасаған батырларымызға құрмет көрсету жер-жерде жалғасып жатыр. Шығыс Қазақстандағы Бесқарағай ауданынің Жетіжар ауылында Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевқа ескерткіш орнатылды. Семей өңірінен небәрі 17 жасында соғысқа өз еркімен аттанған батыр қан майданды түгел жүріп өткен.
Бірнеше мәрте жараланса да, батылдық танытып, майдан сапынан кетпеген. Махмет Қайырбаевқа 1944 жылы артиллеристерді қоршаудан алып шығып, жойқын тойтарыс бергені үшін 20 жасында Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Кейін елге оралғаннан кейін де, бар ғұмырын туған жерінің дамуына арнаған.
Мәрмардан қашалған алып мүсінді батырдың ауылдасы өз қаржысына тұрғызған. Ондағы мақсат – ұрпағына бейбіт өмір сыйлаған бабалар ерлігін мәңгі есте сақтап, құрмет тұту.
Мақсұт Өмірханов, меценат:
- Қаншама батыр аталарымыз майданда шейіт болды. Біздің өңірімізден де қаншама боздақ қан майданды көрді. Махмұт Қайырбаевқа арналған бұл ескерткіш сұрапыл соғыста қаза тапқан барлық батырларымызға көрсетілген құрмет істеттес.
Мұрат Махметұлы, Махмет Қайырбаевтың ұлы:
- Мен бүгін әкеме арнап туған жерінде ескерткіш орнап жатқанына қуаныштымын. Жас ұрпақ батырларымыздың ерлігін білуі тиіс.
Ержан ЖАҚЫП