Түркістанды келешекте тарихи және туристік шаһар ретінде әйгілейтін орын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мәдени-рухани орталық болмақ. Осы мақсатта мавзолей төңірегіндегі тұрғын үйлер бұзылып, орнына кесененің сәулеттік ансамблін толықтыратын 9 бірдей нысан салынады.
Бүгінде солардың үшеуінің құрылысы басталған. Мәдени-рухани орталықта кітапхана, саяхатшыларды қабылдау орталығы және «Ұлы дала» мұражайы ғимаратының құрылысы қызу жүріп жатыр.
Осыған дейін төңірегі тұрғын үйлермен тұтасып тұрған кесененің айналасы қазір теп-тегіс жазық. Мәдени-рухани орталықтың сәулеттік жоспарына сай бұл маңдағы 168 тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысандары бұзылып, өзге жаққа көшірілді. Оларға жер телімі мен баспаналары үшін мемлекет тарапынан қаржылай өтемақы берілді. Мұнан бөлек, жергілікті билік бұл отбасылардың өзге аумақтан баспана немесе жер телімін сатып алуына да қолғабыс жасауда.
Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі:
- Сатылатын жерлерден бөлек, сатылатын үйлердің де каталогын жасадық. Қазір бізде 300-ден астам үйдің тізімі дайын тұр. Мекен жайы, қанша бөлмелі, қанша шаршы метр, қанша соток жер, үй қашан салынған, толық мағлұмат бар. Оны аламын дегендерге көрсетіп, көмектесіп жатырмыз.
Мәдени мұра тізіміне Ясауи кесенесімен қоса, оның төңірегіндегі орта ғасырлық 137 тарихи-сәулет құрылыс ескерткіш енген. Бүгінде бұлардың бірқатарында археологиялық жұмыстар аяқталып келеді. Әбілмәмбет пен Есім хан кезіндегі хан қорғаны мен хан мешітін қайта қалпына келтіру қолға алынды. Былтыр осыдан 10 ғасыр бұрын салынған монша мен оның кәріз құбырын топырақтан аршып алды. Саяхтшылар енді Ясауи кесенесінен бөлек, бұл орындарды да тамашалай алады.
Еркін Жүсіп, «Түркістан Бас Жоспар» ҒЗИ-ның басшысы:
- Тарихта, архивте сақталған көшелерді қайта жандандырып, соның бойына қолөнер орталығы, асхана, 700-ден 1 шақырымға дейін созылатын шығыс базары болады. Мұның барлығы біздің бабаларымыздың өмір сүрген кезеңіне жақындататындай мақсатта жасалынып жатыр.
Тарихи орындарды қалпына келтіру кезінде олардың бастапқы қалпынан ауытқымауына ерекше мән берілмек. Сондай-ақ, жаңа салынатын нысандардың биіктігі екі қабаттан аспайтын болады. Жалпы тарихи аумақтағы сәулет ескертіштері 98 гектар жерді алып жатыр. Оларды туристердің электромобиль, ат арба және түйемен тамашалауына мүмкіндік жасалады.
Ғани ҚАЛМАХАН