Эксклюзив: Тастағы таңбаға 4000 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эксклюзив: Тастағы таңбаға 4000 жыл

07.06.2019

Талдықорған қаласы маңында жоса бояуымен салынған таңбалар табылды. Мамандардың айтуынша, сурет осыдан 4 мың жыл бұрын бейнеленуі мүмкін. Жалпы шаһар маңында петроглифтер өте көп. Бірақ мемлекет қорғауына алынбай жатыр. Егер қаржылай қолдау көрсетіп, тастағы таңбалардың нақты уақыты ғылыми тұрғыда дәлелденсе, үлкен жаңалық болғалы тұр. Тіпті Талдықорғанның тарихын мың жылдарға шегеруге болады. Толығырақ өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлының репортажы.

 

Қала маңында жосамен салынған бұл суретте арбаның дөңгелегі мен атты анық аңғаруға болады. "Сурет шағын үңгір тәріздес жар ішінде болғандықтан, жаңбыр мен күн көзі тимей, ұзақ сақталып қалған", - дейді археолог Михайл Антонов. Ол бұл суретті кездейсоқ тауып алған. Айтуынша, дәл сол тұста жыланды көріп қалған.

 

Михайл Антонов, археолог:

 

Жоса дегеніміз - темір тотығы мен балшықтан жасалған минералды бояу. Шамамен 4 мың жыл бұрын суретші жаңбырдан немесе күннен тығылып отырып, осы таңбаларды түсірген. Оның жанынан әрең көрінетін көне жазбаларды да аңғаруға болады.

 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

 

Мына жартастағы таңбаларды археолог Михаил Антонов тек бізге ғана көрсетті. Бұл жаңалықты Жетісудың емес, бүкіл Қазақстанның археология ғылымына қосылған үлес деп бағалауға болады. Мұны тарих ғылымдарының кандидаты Илья Мерцте өз зерттеулерінде дәлелдеген.

 

Жетісудың бас қаласының маңында әлі ешкім біле бермейтін таңбалар өте көп. Бірақ қолға алып зерттеп жатқан ешкім жоқ. Ешкім зерттемегендіктен, оның тарихи мәні дәлелденіп, мемлекеттің қорғауына да алынбай жатыр.

 

Жандос Адамжанов, Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау бөлімінің меңгерушісі:

 

Болашақта археологиялық парк жасасақ деген жоба ұсынған болатынбыз. Бірақ әлі облыстық бюджеттен ақша бөлінбей жатыр. Егер бұл жерде қаржы қарастырылатын болса, петроглифтер бар, сақ қорғандары бар, Талдықорғанның жанында үлкен археологиялық парк болады.

 

Егер жергілікті билік қаржылай қолдау көрсетіп, қарамағына алса, Талдықорған тарихын тереңнен сыр шертетінін дәлелдеуге болады. Әзірше қала тарихы Гавриловка қонысынан бастау алады деген жаңсақ пікір көпшілікті адастырып келеді.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу